Бұған дейін сыбайлас жемқорлық қылмысын жасаған адам «ҚТЖ» ҰК» АҚ-қа жұмысқа орналаса ала ма?
Қолданыстағы Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне (бұдан әрі – ҚР ЕК) сәйкес, сыбайлас жемқорлық қылмысын жасаған адамды квазимемлекеттік сектор субъектілеріне жұмысқа орналастыруға жол берілмейді (ҚР ЕК-нің 26-бабы 2-тармағының 2) тармақшасы).
Сонымен қатар, мемлекеттік функцияларға теңестірілген функцияларды орындаумен байланысты азаматтық қызмет лауазымдарына бұрын сыбайлас жемқорлық қылмысын жасаған адамдарды жұмысқа орналастыруға тыйым салынады (ҚР ЕК-нің 139-бабы 4-тармағының 1) тармақшасы).
Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 18 қарашадағы № 410-V ҚРЗ «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңының 1-бабының 4) тармақшасына сәйкес, мемлекеттік ұйымда немесе квазимемлекеттік сектор субъектісінде басқарушылық функцияларды орындайтын тұлға тиісті тұлға ретінде танылады.
ҚР ЕК-нің 1-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес, азаматтық қызмет – азаматтық қызметшілердің лауазымдық өкілеттіктерін орындау жөніндегі, қазыналық кәсіпорындар мен мемлекеттік мекемелердің міндеттері мен функцияларын іске асыруға, мемлекеттік органдардың техникалық қызмет көрсетуі мен жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бағытталған кәсіби қызметі.
Өз кезегінде, Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне сәйкес квазимемлекеттік сектор субъектілеріне мемлекеттік кәсіпорындар, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, акционерлік қоғамдар, оның ішінде құрылтайшысы, қатысушысы немесе акционері мемлекет болып табылатын ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес олармен үлестес болып табылатын еншілес, тәуелді және өзге де заңды тұлғалар жатады.
«Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 132-бабына сәйкес, қазыналық кәсіпорындар мемлекеттік кәсіпорындарға жатады.
ҚР ЕК-нің жоғарыда көрсетілген нормаларынан аталған адамдармен еңбек шартын жасасуға қойылатын тыйым олардың сыбайлас жемқорлық қылмысын жасаған фактісінің өзіне байланысты екені туындайды ( сыбайлас жемқорлық қылмысының жасалғанына қанша уақыт өткені, адамды рақымшылық жасау негізінде жауаптылықтан босату және т.б. мән-жайларға қарамастан). Осы тыйым өмір бойы қолданылады.
Тұлғаның сыбайлас жемқорлық қылмысын жасағаны туралы факт еңбек шартын жасасу кезеңінде ҚР ЕК-нің 32-бабы 3-тармағына сәйкес сыбайлас жемқорлық қылмысын жасағаны туралы мәліметтердің бар немесе жоқ екендігі жөніндегі анықтаманы ұсыну арқылы анықталады.
Осылайша, жоғарыда баяндалғандарды ескере отырып, сыбайлас жемқорлық қылмысын жасаған адамды квазимемлекеттік сектор субъектілеріне (оның ішінде «ҚТЖ» ҰК» АҚ-қа) кез келген лауазымға жұмысқа қабылдауға болмайды.
Ал азаматтық қызметке мұндай адамды мемлекеттік ұйымда немесе квазимемлекеттік сектор субъектісінде басқарушылық функцияларды жүзеге асырумен байланысты лауазымдарға қабылдауға жол берілмейді.