Егер азаматтың соттылығы балалармен жұмыс істеуге байланысты болмаса және сот үкімімен оның педагог ретінде еңбек қызметін жүзеге асыруына шектеу қойылмаған болса, білім беру ұйымдарының оны жұмысқа қабылдаудан бас тартуға құқығы бар ма?
Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес, жұмысқа орналасуға қойылатын қандай да бір шектеулер Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген талаптарға немесе жоғары әлеуметтік және құқықтық қорғауды қажет ететін азаматтардың құқықтарын қорғауға негізделуге тиіс.
Қазақстан Республикасында еңбек шартын жасасуға және жұмысқа орналасуға тыйым салулар мен шектеулер ҚР ЕК-нің 26-бабында белгіленген.
ҚР ЕК-нің 26-бабы 2-тармағының 3) тармақшасына сәйкес, білім беру, тәрбиелеу және дамыту, демалыс және сауықтыру, дене шынықтыру және спорт, медициналық қамтамасыз ету, әлеуметтік қызметтер көрсету, мәдениет және өнер салаларындағы кәмелетке толмағандардың қатысуымен қызметін жүзеге асыратын ұйымдарға соттылығы бар немесе болған, сондай-ақ қылмыстық қудалауға ұшыраған адамдарды (Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігінің 1) және 2) тармақшалары негізінде қылмыстық қудалауы тоқтатылған адамдарды қоспағанда) мынадай қылмыстық құқық бұзушылықтар: кісі өлтіру, денсаулыққа қасақана зиян келтіру, халықтың денсаулығы мен имандылығына, жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстар, экстремистік немесе террористік қылмыстар, адам саудасы үшін жұмысқа орналастыруға тыйым салынады.
Аталған талаптар кәмелетке толмағандардың өмірі мен денсаулығын қорғау, сондай-ақ олардың моральдық-адамгершілік тәрбиесіне ықтимал теріс әсер етуді болдырмау мақсатында енгізілген.
Сонымен қатар, ҚР ЕК-нің 23-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында жұмыс берушінің жұмыскерлерді жұмысқа қабылдау және ұйымның кадр саясатын қалыптастыру туралы шешімдерді дербес қабылдауға құқығы бекітілген.
Осыған байланысты, азамат жасаған қылмыстық құқық бұзушылықтар жоғарыда көрсетілген санаттарға жатпаған жағдайда да, жұмыс беруші әрбір нақты жағдайда белгілі бір лауазымға кандидаттарды іріктеу мәселесін дербес шешуге құқылы.