Халықты жұмыспен қамту – мемлекеттің басты әлеуметтік саясаттарының бірі. Тұрақты жұмыс халықтың әл-ауқатын арттырып, әр азаматтың өз мүмкіндігін жүзеге асыруына жол ашады. Осы бағытта Мұғалжар ауданында жұмыссыздықты азайту және тұрғындарды жұмыспен қамту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Соның бір нәтижесі – аудандық Мансап орталығы ұйымдастырған бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне қатысқан Биманалина Динараның тұрақты жұмысқа орналасуы. Ол «Қандыағаш политехникалық-экономикалық колледжіндегі» бухгалтер лауазымына үміткер ретінде ұсынылып, жұмыс берушіге жолданды. Нәтижесінде тұрақты жұмысқа орналасты. Айта кетейік, аталған бос жұмыс орны Enbek.kz электрондық еңбек биржасында жарияланған.
Жалпы, жыл басынан бері ауданда 10 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі, мүгедектігі бар азаматтарға арналған 2 жәрмеңке, сондай-ақ бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған, пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтар мен борышкерлерге арналған 2 мамандандырылған жәрмеңке өткізілді.
Өткізілген іс-шараларға 39 жұмыс беруші қатысып, 213 бос жұмыс орнын ұсынды. Жәрмеңкелерге 190-ға жуық азамат қатысып, нәтижесінде 43 адам жұмыспен қамтудың түрлі бағыттарына жолданды. Атап айтқанда, азаматтар тұрақты жұмысқа орналасу, қоғамдық жұмыстарға қатысу және «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы аясында жұмысқа орналасу мүмкіндіктеріне ие болды.
Мұндай бастамалар жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілер арасындағы байланысты нығайтып, әр азаматтың еңбек нарығында өз орнын табуына мүмкіндік береді.