Бүгінгі таңда заман талабына сай білім алып, жаңа дағдыларды меңгеру – болашаққа жасалған маңызды қадам. Әсіресе, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды ерте бастан танып, кәсіби бағыт-бағдарды айқындау жастар үшін аса маңызды.
Осы мақсатта Хромтау ауданында Skills Enbek онлайн оқыту платформасының мүмкіндіктерін кеңінен насихаттау жұмыстары жалғасуда.
Бүгінде жаңа мамандық игеру немесе кәсіби біліктілікті арттыру үшін міндетті түрде оқу орнына барудың қажеті жоқ. Цифрлық технологиялардың арқасында қажетті білім мен дағдыны кез келген уақытта, кез келген жерде онлайн меңгеруге мүмкіндік бар.
Қазіргі таңда Skills Enbek платформасында түрлі бағыттар бойынша 568 оқу курсы орналастырылған. Оның 361-і тегін қолжетімді. Курстардың ұзақтығы 2 сағаттан 72 сағатқа дейін созылады. Бұл азаматтарға өз қызығушылығы мен қажеттілігіне қарай білім алып, кәсіби дағдыларын жетілдіруге жол ашады.
2026 жылы Хромтау ауданы бойынша 987 оқушыны аталған платформада оқыту жоспарланған. Осы жоспарды жүзеге асыру аясында Мансап орталығының мамандары аудан мектептерінде 9–11 сынып оқушыларымен кездесіп, платформаның тиімділігі мен оқыту мүмкіндіктері туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Кездесу барысында оқушыларға skills.enbek.kz платформасында тіркелу тәртібі, қолжетімді тегін курстар, оқу материалдарын меңгеру және курсты аяқтағаннан кейін сертификат алу жолдары жан-жақты түсіндірілді.
Skills Enbek – жастарға өз қабілетін сынап, жаңа бағыттарды танып, болашақ мамандығына алғашқы қадам жасауға жол ашатын тиімді мүмкіндік.