АНЫҚТАМАЛЫҚ АҚПАРАТ Шығыс Қазақстан облысындағы туризмді дамыту туралы

    Шығыс Қазақстан облысының туризм және инвестиция басқармасы

    Ресми статистикалық деректерге сәйкес, 2026 жылдың І тоқсанының (қаңтар–наурыз) қорытындысы бойынша Шығыс Қазақстан облысының туристік саласы тұрақты өсім көрсетуде. Өңір орналастыру орындарының саны бойынша республикада бірінші орынға шықты, олардың жалпы саны 429 бірлікті (+58 бірлік) құрады, сондай-ақ бір мезгілде орналастыру сыйымдылығы 21 901 төсек-орынға (+5%) жетіп, республика бойынша екінші орынға ие болды. Жалпы туристер ағыны 83 мың адамды құрады (оның ішінде 80 мың ішкі турист және 3 мың шетелдік турист).

    Қаржылық көрсеткіштер бойынша да оң динамика байқалады: көрсетілген қызметтердің көлемі 2,3 млрд теңгеге (+20,6%) дейін ұлғайды, ал саланың негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі 5,5 млрд теңгені (+42,6%) құрады, оның ішінде 2,3 млрд теңге (+21,7%) уақытша тұру қызметтеріне бағытталды.

    Өңірдің 2029 жылға дейінгі экономикалық даму стратегиясына сәйкес туристік дестинацияларды дамыту 4 негізгі туристік кластерге шоғырландырылған:

    1. Қатонқарағай және Үлкен Нарын: сауықтыру және экотуризм (wellness-қонақүйлер, пантомен емдеу, апитерапия).
    2. Глубокое ауданы, Алтай және Риддер: белсенді демалыс және тау шаңғысы туризмі.
    3. Марқакөл және Зайсан: табиғи мұра және экологиялық туризм.
    4. «Қала – Таулар – Көлдер» (Өскемен қаласы, Ұлан және Глубокое аудандары): демалыс күндері туризмі аясындағы жыл бойғы туристік дестинация.

    2025 жылы Алтай қаласындағы «Достық» қонақ үйі мен мейрамханасының құрылысы және Өскемен қаласындағы «Бейбарыс» қонақ үйін реконструкциялау сияқты бірқатар ірі жобалар сәтті аяқталды. Ағымдағы жылы «Заречье» экологиялық қонақ үйі мен «Приморск» демалыс базасын кеңейту жоспарланып отыр.

    Сондай-ақ 2028 жылға дейін Өскемен қаласындағы «Hilton Garden Inn» қонақ үйі мен Қатонқарағай ауданындағы «Wellness Resort» санаторийлік-сауықтыру кешені сияқты ірі туристік нысандарды пайдалануға беру жоспарланған.

    Мемлекет басшысының туристік аймақтардың дайындығын арттыру жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында облыс әкімдігімен Шығыс Қазақстан облысының туристендіру картасы бекітілді (2025 жылғы 30 қазандағы №273 қаулы). Құжатпен инженерлік инфрақұрылым жүргізілетін 23 басым аумақ бекітілді, оның ішінде Бұқтырма су қоймасы, Сібе көлдерінің жағалаулары және басқа да аумақтарды қамтитын 13 жаппай демалыс орны айқындалды.

    • Алтай ауданындағы Бұқтырма су қоймасының жағалауында орналасқан «Арбат» аймағы мен қоғамдық жағажайды абаттандыру жұмыстары жалғасуда. Қауіпсіздікті күшейту мақсатында бейнебақылау камераларын, құтқару мұнаралары мен бекеттерін орнату мәселесі пысықталуда.
    • Самар ауданында «Арбат» құрылысын салуға арналған жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, демалыс базаларын электрмен жабдықтау үшін электр жеткізу желілерін салу жұмыстары жүргізілуде. Құтқарушылар санын 2 адамнан 7 адамға дейін ұлғайту жоспарланған.
    • Өскемен қаласында «Самал» және «КНМ» жағажайларын абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Жұмыстар қажетті инфрақұрылыммен жабдықтауды, қосымша беседкалар орнатуды, 20 бейнебақылау камерасын орналастыруды, санитариялық тораптарды жөндеуді және жағажай жабдықтарын жаңартуды қамтиды.
    • Облыстың басқа да коммуналдық жағажайларында душ кабиналарын, жатын орындықтарды және қауіпсіздік құралдарын қосымша орнату мәселесі пысықталуда.

    Көлік қолжетімділігін жақсарту мақсатында 2025 жылы туристік аймақтарға апаратын 65,4 км автомобиль жолы жөнделді. Ағымдағы жылы 114 км жолға ауқымды жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.

    Туристік дестинацияларға апаратын автомобиль жолдарының бойында 34 санитариялық-гигиеналық торап жұмыс істейді, ағымдағы жылы тағы 9 бірлікті орталықтандырылған тәртіппен орнату жоспарланған.

    Танымал туристік аймақтарда коммуналдық қалдықтарды жинау және шығару ұйымдастырылған. Мысалы, Алтай ауданындағы Жаңа Бұқтырма кентінде өткен жылы қатты тұрмыстық қалдықтарды жинауға арналған 8 алаңдағы 45 контейнер жөнделіп, қосымша 50 контейнер сатып алынды.

    Туристік аймақтарды ұялы байланыспен және интернетпен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда. Туристендіру картасына енгізілген 33 локацияның 30-ы 3G/4G мобильді интернетімен қамтамасыз етілген. Шалғай аумақтар үшін Starlink және OneWeb спутниктік терминалдарын пайдалану мәселесі пысықталуда. Оларды кезең-кезеңімен қосу ағымдағы жылдың соңына дейін жоспарланған.

    Жүктеу
    7602cdc391bdec120352e6a2e9c3227f_original.32364.docx
    DOCX · 32 КБ
    Жүктеу

    Ұқсас материалдар

    Ақпарат

    2026 жылғы II тоқсанбойынша сыртқы байланыстар бөлімінің есебі

    2026 жылдың екінші тоқсанында Шығыс Қазақстан облысына 23 шетелдік компаниялар мен делегациялардың өкілдері келді. Олардың қатарында Қытайдың «Xinjiang Jiahefeng Agricultural Supplies Co Ltd.», «Sanbao», «Wanjiang», «Hui...