Қазақстандықтардың зейнетақы жинақтары: инвестициялық кірістің маңызы
29.10.2026
Инвестициялық кірістің қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарын қалыптастырудағы маңызы арта түсті. 2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша зейнетақы активтері 2014 жылы БЖЗҚ-ға біріктірілген сәттен бастап жинақталған инвестициялық кірістің жалпы көлемі 14,30 трлн теңгені құрады. Жүзеге асырылған зейнетақы төлемдерін ескергенде, зейнетақы жинақтарының жалпы көлеміндегі таза инвестициялық кірістің үлесі – шамамен 40%.
Ұзақ мерзімді инвестициялаудың маңыздылығын жинақтаушы зейнетақы жүйесінің бүкіл жұмыс кезеңіндегі нәтижелері де айқын көрсетеді. Жинақтаушы зейнетақы жүйесі құрылған 1998 жылдан бастап 2026 жылғы 1 қазанға дейінгі кезеңде жинақталған инвестициялық кірістілік 1 090,84%-ды құраса, осы кезеңдегі инфляция деңгейі 1 014,83% болды.
Бұл көрсеткіштер зейнетақы жинақтарын инвестициялау нәтижелерін ұзақ мерзімді кезең тұрғысынан бағалаудың маңыздылығын растайды. Зейнетақы жинақтары ондаған жылдар бойы қалыптасады. Осы уақыт аралығында түсіп отыратын зейнетақы жарналары түрлі қаржы құралдарына инвестицияланады, ал алынған кіріс салымшылардың зейнетақы капиталын ұлғайтып қана қоймай, одан әрі инвестициялауға қатысады.