Тұжырымдама кезеңінде қолданыстағы қосалқы станцияларды қайта жаңғырту, моральдық және физикалық тұрғыдан ескірген жабдықтарды заманауи жабдықтарға ауыстыру, сондай-ақ жақын орналасқан тұтынушылардың жүктемесіне байланысты трансформаторларды қуаттылығы жоғары трансформаторларға ауыстыру қажет.
Жобада күн радиациясының энергиясын, жел энергиясын, судың гидродинамикалық энергиясын, геотермалдық энергияны (топырақтың, жерасты суларының, өзендер мен су айдындарының жылуын), сондай-ақ электр және (немесе) жылу энергиясын өндіру үшін пайдаланылатын органикалық қалдықтардан алынатын биомасса, биогаз және басқа да отын түрлері сияқты антропогендік бастапқы энергетикалық ресурстарды пайдалану арқылы жаңартылатын энергия көздерін енгізу ұсынылады.
Болашақта жоба аясында көшелер мен аулаларды жарықтандыру үшін фотоэлементтер негізіндегі күн батареяларын, сондай-ақ аккумуляторлық сыйымдылығы (ампер-сағатпен өлшенетін) жоғары, заманауи технологияларға негізделген шағын көлемді аккумуляторларды енгізу ұсынылады.
Тұжырымдама кезеңінде тұрғын үй құрылыстарын жылумен жабдықтау автономды жылу көздерінен жүзеге асырылады. Қоғамдық ғимараттар мен құрылыстарды жылумен жабдықтау қуаттылығы аз қазандықтардан, ал өнеркәсіптік кәсіпорындарды жылумен жабдықтау өздерінің жеке қазандықтарынан қамтамасыз етіледі.
Тұжырымдама кезеңінде барлық жылу көздерін экологиялық таза отын түрі – табиғи газға көшіру көзделеді.
Бас жоспар жобасында елді мекенді табиғи газбен қамтамасыз ету қарастырылған. Халықты газбен қамту деңгейін 100%-ға жеткізе отырып, елді мекеннің газбен жабдықтау жүйесін салу ұсынылады.
Табиғи газды «Тобыл–Көкшетау–Астана–Қарағанды» магистральдық газ құбырынан «Шахтинск» АГРС арқылы өтетін елді мекенаралық газ құбыры бойынша жеткізу жоспарлануда.
Ұзақ мерзімді перспективада жергілікті телекоммуникациялық желілерді толық цифрландыруға, деректерді спектрлік тығыздау технологиясын (DWDM), жаңа буын желілерін (NGN) енгізуге, сондай-ақ қала аумағында Wi-Fi және WiMAX технологиялары негізінде кең жолақты сымсыз интернет желісін құруға қол жеткізу көзделеді.
NGN тұжырымдамасының негізінде әртүрлі операторлар мен технологиялардың қолданыстағы желілерін (жалпы пайдаланымдағы телефон желісі – ТфОП, ұялы байланыс желілері және IP технологиясына негізделген желілер) бірыңғай желіге біріктіру, яғни конвергенциялау идеясы жатыр.
Жобада әртүрлі өндірушілердің қолжетімділік жабдықтарының желілік стандарттары мен интерфейстерін бірыңғай қолжетімділік шлюзі арқылы қызмет көрсету критерийлерін айқындау негізінде біріздендіру, сондай-ақ бірыңғай сигнал беру жүйелері мен деректерді тасымалдау технологияларын енгізу көзделеді.
Қосымша құны бар әртүрлі қызметтерге (VAS-қызметтер) деген сұраныстың едәуір артуы болжанады.
Ұялы байланысты дамыту саласында төртінші және бесінші буын (4G–5G) желілеріне көшу көзделеді, бұл байланыс сапасын айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді.