4-тарау. Ветеринариялық анықтаманы беру тәртібі
- Ветеринариялық анықтаманы облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары құрған мемлекеттік ветеринариялық ұйымдар (бұдан әрі – мемлекеттік ветеринариялық ұйымдар) береді.
Жануарлар өсіруді, жануарларды, жануарлардан алынатын өнім мен шикізатты дайындауды (союды), сақтауды, қайта өңдеуді және өткізуді жүзеге асыратын өндіріс объектілерінде, азық өндіру, сақтау және өткізу жөніндегі ұйымдарда ветеринариялық анықтаманы өндірістік бақылау бөлімшесінің ветеринариялық дәрігері (бұдан әрі – ветеринариялық дәрігер) Заңның 13-2-бабына сәйкес береді.
Ескерту. 29-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің м.а. 23.01.2025 № 15 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
- "Ветеринариялық анықтама беру" мемлекеттік қызметін көрсетуге қойылатын негізгі талаптардың тізбесі (бұдан әрі – № 3 тізбе) осы Қағидаларға 11-қосымшада көрсетілген.
Ветеринариялық анықтаманы алу үшін жануардың, жануарлардан алынатын өнім мен шикізаттың орнын ауыстыруды (тасымалдауды) жүзеге асыратын көрсетілетін қызметті алушы мемлекеттік ветеринариялық ұйымға не портал арқылы осы Қағидаларға 12-қосымшаға сәйкес нысан бойынша ветеринариялық анықтаманы беруге арналған өтінішті және № 3 тізбенің 8-тармағында көрсетілген құжаттарды ұсынады.
Ескерту. 30-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің м.а. 23.01.2025 № 15 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
- Ветеринариялық анықтаманы беру үшін мемлекеттік ветеринариялық ұйымның басшысы айқындаған мемлекеттік ветеринариялық ұйымның маманы (бұдан әрі – ветеринария саласындағы маман) № 3-тізбенің 8-тармағында көрсетілген өтінішті және құжаттарды қабылдауды, тіркеуді жүзеге асырады.
Қағаз жеткізгіштегі өтініштің көшірмесіндегі күні, уақыты (сағаты, минуты) көрсетілген тіркеу туралы белгі оның мемлекеттік ветеринариялық ұйымда қабылданғанын растау болып табылады.
Көрсетілетін қызметті алушы ветеринариялық анықтаманы алу үшін портал арқылы жүгінген жағдайда, көрсетілетін қызметті алушының "жеке кабинетінде" мемлекеттік қызметті көрсету үшін сұранымның қабылданғаны туралы мәртебе, сондай-ақ мемлекеттік көрсетілетін қызмет нәтижесін алу күні мен уақыты көрсетілген хабарлама көрсетіледі.
Ескерту. 31-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 24.01.2023 № 24 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
- Балықтарды және басқа су жануарларын (тірі, жаңа ауланған, салқындатылған, мұздатылған балық, сондай-ақ шаяндар, гаммарус, салина артемиясы (цисталар)) 5 (бес) килограммнан артық тасымалдау кезінде "Балықтың қайдан ауланғаны туралы анықтама нысанын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2016 жылғы 8 шілдедегі № 304 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14117 болып тіркелген) бекітілген нысан бойынша балықтың қайдан ауланғаны туралы анықтама қажет.
Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерден және үшінші елдерден (Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын мемлекеттер) әкелінген ветеринариялық бақылау және қадағалау объектілерін Қазақстан Республикасының аумағы бойынша орнын ауыстырған кезде ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау объектісі әкелінген ветеринариялық құжат көшірмесінің немесе ББАЖ АЖ-да ресімделген ветеринариялық құжаттың болуы қажет.
- Ветеринария саласындағы маман, ветеринариялық дәрігер жануарды, жануардан алынатын өнім мен шикізатты ветеринариялық қарап-тексергеннен кейін ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөніндегі дерекқорда немесе одан алынған үзіндіде бар жануарлар туралы мәліметтер, ветеринариялық паспорт, сондай-ақ жүгіну сәтінде аумақтың эпизоотиялық ахуалын бағалау, көлік құралының ветеринариялық-санитариялық ахуалын бағалау негізінде осы Қағидаларға 13-қосымшаға сәйкес мемлекеттік көрсетілетін қызмет беруші немесе ветеринария саласындағы маман, ветеринариялық дәрігер қол қойылған және мөрмен куәландырылған ветеринариялық анықтаманы не осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес нысанда мемлекеттік қызмет көрсетуден уәжді бас тартуды береді.
- Ветеринария саласындағы маман, ветеринариялық дәрігер жүгіну сәтіндегі аумақтың эпизоотиялық ахуалын ескере отырып қол қойылған және мөрмен куәландырылған азыққа арналған ветеринариялық анықтаманы береді.
- Ветеринариялық анықтама жануарға, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатқа беріледі және көрсетілетін қызметті алушы жүгінген күні ресімделеді.
Ветеринариялық анықтама Қазақстан Республикасының аумағында жарамды.
- Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерден және үшінші елдерден (Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын мемлекет) әкелінген ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау объектілерін Қазақстан Республикасының аумағы бойынша орнын ауыстырған кезде ветеринариялық анықтамада ол бойынша республика аумағына ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау объектісі әкелінген ветеринариялық құжат туралы мәліметтер де (құжаттың күні және нөмірі, тауарды шығарған ел) көрсетіледі.
- Берілген ветеринариялық анықтамалар туралы мәліметтер олар берілген, межелі пунктке келген кезде жөндеу жұмыстарын жүргізуге байланысты техникалық үзілістерді қоспағанда, ветеринариялық анықтамалар берілген орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объекті межелі пунктке келген күннен бастап бір тәулік ішінде ББАЖ АЖ-ға енгізіледі.
- Жануарға, жануардан алынатын өнім мен шикізатқа берілген ветеринариялық анықтама межелі пунктке дейін, ал жануардан алынған сүтке берілген ветеринариялық анықтама берілген сәтінен бастап 1 (бір) ай бойы жарамды.
Ауыл шаруашылығы жануарларын ет өңдеу кәсіпорындарында, сою пункттерінде немесе сою алаңдарында (ауыл шаруашылығы жануарларын сою алаңдарында) кейіннен сою үшін жіберу (орнын ауыстыру, тасымалдау) кезінде оларға ветеринариялық анықтама беріледі.
Жануардың, жануарлардан алынатын өнім мен шикізаттың шыққан жерінің эпизоотиялық ахуалы өзгерген жағдайда, бұрын берілген ветеринариялық анықтама алып қойылады.
Ескерту. 38-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің м.а. 23.01.2025 № 15 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
- Етке және ет өнімдеріне және субөнімдерге ветеринариялық анықтама Ветеринариялық-санитариялық қағидаларға сәйкес тәртіппен қойылған ветеринариялық таңба немесе мөртабан белгісі болған кезде беріледі.
Жануардан алынатын шикізатқа (былғары және тері шикізаты) ветеринариялық анықтама ветеринариялық зертханалар берген сараптама актісі (сынақ хаттамасы) және таңбалау (сырғалар, жапсырмалар) болған кезде беріледі. Ауыл шаруашылығы жануарларынан алынған былғары және тері шикізатын таңбалау кезінде жануардың жеке нөмірі көрсетіледі.
Ескерту. 39-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің м.а. 23.01.2025 № 15 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
- Ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау объектісінің партиясын межелі орынға келген кезде анағұрлым ұсақ партияларға бөлшектеген жағдайда, жаңа алушылар үшін ветеринария саласындағы мамандарға, ветеринариялық дәрігерлерге ветеринариялық анықтамалардың көшірмелерін ресімдеуге жол беріледі, онда (парақтың сыртқы бетінде) мынадай деректер енгізіледі:
ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау объектінің және жаңа көлік құралының ветеринариялық-санитариялық талаптарға және "Қазақстан Республикасының аумағында орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерді тасымалдауды жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің м.а. 2015 жылғы 29 мамырдағы № 7-1/496 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11845 болып тіркелген) белгіленген талаптарға сәйкестігі, көлік құралының нөмірі, оған қайта тиелген (бөлшектелген) ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау объектілерінің саны;
ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау объектісін алушының атауы және орналасқан жері;
бөлшектеу күні, ветеринариялық анықтаманың ресімделген көшірмесінің реттік нөмірін көрсете отырып (мысалға: № KZ-C-10 ветеринариялық анықтамамен берілген партияны бөлшектеу кезінде ветеринариялық анықтаманың көшірмесінде № KZ-C-10/1, № KZ-C-10/2, № KZ-C-10/3 деп көрсету және әрі қарай солай) ветеринариялық анықтаманың нөмірі (оның көшірмесі ресімделген ветеринариялық анықтама), ветеринариялық анықтаманың көшірмесін ресімдеуді жүргізген ветеринария саласындағы маманның, ветеринариялық дәрігердің лауазымы және аты, әкесінің аты (бар болса), тегі.
Ветеринария саласындағы маман, аттестатталған ветеринариялық дәрігер ветеринариялық анықтаманың көшірмесін берген кезде мәліметті қолтаңбасымен және мөрімен куәландырады.
Ветеринариялық анықтаманың көшірмесін ресімдеу (бөлшектеу) жүзеге асырылған ветеринариялық анықтама ветеринариялық анықтаманың көшірмесін ресімдеуді жүзеге асырған ұйымда (ветеринариялық дәрігерде) сақталады, оның сыртқы бетіне ветеринариялық анықтаманың көшірмесі(лері)нде көрсетілген мәліметтерді көрсете отырып, ветеринариялық анықтамалардың ресімделген көшірмелері туралы ақпарат хронологиялық реттілікпен енгізіледі.
Бұл ретте алғашқы ветеринариялық анықтамаға сәйкес бөлшектенетін тауар санының, көлемінің және түрінің есебін жүргізу қажет. Осындай операциялар туралы деректер ББАЖ АЖ-ға енгізіледі.
Ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау объектісінің бөлшектелген партиясы келіп түскен жағдайда ветеринария саласындағы маманға, аттестатталған ветеринариялық дәрігерге Қағидалардың осы тармағында көрсетілген шарттар мен талаптарды сақтаған кезде ветеринариялық анықтамалардың көшірмелерін ресімдей отырып, жаңа алушылар үшін анағұрлым ұсақ партияларға бөлшектеуге жол беріледі.
- Көрсетілетін қызметті беруші № 3-тізбенің 9-тармағында көрсетілген негіздер бойынша мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тартады.
Ескерту. 41-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 24.01.2023 № 24 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
- Мемлекеттік қызметті көрсету үшін қажетті мәліметтерді қамтитын ББАЖ АЖ істен шыққан жағдайда, мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторлар немесе ветеринария саласындағы мамандар 1 (бір) жұмыс күні ішінде "электрондық үкіметтің" ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының операторын (бұдан әрі – оператор) хабардар етеді.
Бұл ретте, туындаған іркілісті жою бойынша жұмыстар жүргізілгеннен кейін оператор 1 (бір) жұмыс күні ішінде техникалық проблема туралы еркін нысанда хаттама жасайды және оған көрсетілетін қызметті беруші қол қояды.
- Мемлекеттік ветеринариялық санитариялық инспекторлар немесе ветеринария саласындағы мамандар мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы заңның 5-бабы 2-тармағының 11) тармақшасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді көрсету мониторингінің ақпараттық жүйесіне мемлекеттік қызметті көрсету сатысы туралы деректердің енгізілуін қамтамасыз етеді.
Мемлекеттік қызметті рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік ақпараттық жүйесі арқылы көрсету кезінде мемлекеттік қызметті көрсету сатысы туралы деректер Мемлекеттік қызметтерді көрсету мониторингінің ақпараттық жүйесіне автоматты режимде келіп түседі.
Портал мен ақпараттық жүйелердің ақпараттық өзара іс-қимылы "Ақпараттандыру туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 43-бабына сәйкес жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі және көрсетілетін қызметті беруші осы Қағидалар бекітілген немесе өзгертілген күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде мемлекетік қызмет көрсету тәртібі туралы ақпаратты өзектендіреді және Бірыңғай байланыс орталығына жібереді.
Ескерту. 43-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 27.06.2023 № 248 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.