Отбасы – қоғамның алтын діңгегі. Егер әр шаңырақта ынтымақ, сыйластық, адалдық болса, онда сол мемлекеттің ертеңі де жарқын болады. Осы қағиданы дәріптеу мақсатында елімізде 15-16 жылдан бері «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы жыл сайын ұйымдастырылып келеді.
«Мерейлі отбасы» дегеніміз – тек көп балалы немесе атақты әулет емес. Бұл – адамгершілік құндылықтарды сақтаған, қоғамға үлгі бола алатын, ұрпаққа өнеге көрсететін отбасы. Мұнда ата-ананың еңбегі, баланың тәрбиесі, үлкенге құрмет, кішіге мейірім бәрі бірге бағаланады.
Байқау аудандық кезеңнен басталып, облыстық кезеңге, одан Астана қаласында өтетін республикалық кезеңге ұласады. Қарақия ауданында бұл жауапты жұмысты жылдар бойы аудандық ішкі саясат бөлімі атқарып келеді.
Қарақиялықтар «Мерейлі отбасы» байқауына белсене қатысып, биіктен көрініп жүр. Алғашқы жылдары республикалық сайыста жүлдегер атанған Құлсариевтер, Көшеновтер, Наурызмағанбетовтер отбасы – тек ауданның ғана емес, бүкіл өңірдің мақтанышы.
Кейінгі жылдары да жеңімпаздар қатары көбейді: 2021 жылы Сенек ауылынан Қ.Мәтіковтар, Жетібайдан Е.Тәжібаевтар отбасы облыстық кезеңнің лауреаты атанса, келесі жылдары Е.Бегниязовтар, Н.Қонайұлы отбасылары топ жарды. Сонымен қатар Құлпыбаевтар, Құттымұрадовтар, Нұрғараевтар, Хасановтар, Жұбановтар, Қарағұловтар отбасылары да әр жылдары облыстық байқауда лауреат атанып, Қарақияның мерейін үстем етті.
«Мерейлі отбасы» байқауының бас маманы Меруерт Дауылбаеваның айтуынша, бұл байқауға қатысқан әр отбасы – қоғамға үлгі. Себебі олар өз шаңырағында ғана емес, қоғамда да белсенді, еңбекқор, парасатты жандар.
Отбасылық құндылық – Отанымыз үшін әрқашан қымбат. Бабаларымыз «Бала бер, бала берсең сана бер» деген. Шынында да, баланың саналы, тәрбиелі болуы алдымен ата-анаға байланысты. «Үйлену оңай, үй болу қиын» деген дана сөздің мәні де осында. Шаңырақты берік ұстау, жұбайлардың бір-біріне деген ізгі махаббаты, баланың күлкісі – осының бәрі адал еңбекпен келеді.
Қорыта айтқанда, «Мерейлі отбасы» – бұл жай ғана байқау емес, бұл ұлттық тәрбие мектебі. Әрбір осындай мерейлі әулетті көріп, жас отбасылар үлгі алады. Өйткені әрбір отбасының бақыты – еліміздің бақыты.
Егер әр шаңырақта «Мерейлі отбасы» сияқты сыйластық пен еңбек болса, онда біздің Қазақстан әрқашан берекелі де, бейбіт ел болары сөзсіз.
Аршын Керей