«Балам адал болсын, білімді болсын, елге қызмет етсін» – бұл әр ата-ананың тілегі. Біз балаларымыздың болашағы жарқын, өмір сүретін ортасы қауіпсіз, қоғамы әділетті болғанын қалаймыз. Бірақ адал ұрпақ өздігінен қалыптаспайды. Оның алғашқы мектебі – отбасы, алғашқы ұстазы – ата-ана. Бала дүниеге келген сәттен бастап айналасындағы адамдардың іс-әрекетіне қарап өседі. Жақсылық пен жамандықты, адалдық пен әділетсіздікті де алғаш сол ортадан танып-біледі. Сондықтан адал ұрпақ тәрбиелеу туралы сөз қозғағанда, ең алдымен «Біз балаларымызға қандай үлгі көрсетіп жүрміз?» деген сұрақты өзімізге қойғанымыз жөн.
Балаға «өтірік айтпа», «өзгенің ақысын жеме», «әділ бол», «еңбек ет» деп айту оңай. Алайда бала біздің айтқан сөзімізден бұрын жасаған әрекетімізді көреді. Егер үлкендер оның көзінше заңды айналып өтудің жолын іздесе, бір мәселені таныстық арқылы шешкенін мақтанышпен айтса немесе әділетсіз жолмен келген нәтижені жетістік ретінде көрсетсе, баланың санасында сөз бен істің арасында қайшылық пайда болады. «Егер бұл дұрыс емес болса, неге үлкендер осылай жасайды?» деген сұрақ туындайды. Балалар үлкендердің сөзін ғана емес, олардың өмір сүру дағдысын, адамдарға деген қарым-қатынасын, тіпті күнделікті ұсақ әрекеттерін де бойына сіңіреді. Кейде «қазір бәрі осылай істейді», «заман сондай», «онсыз мәселе шешілмейді» деген сөздерді жиі естиміз. Бірақ осындай түсінікті балаға қалыпты құбылыс ретінде көрсетудің салдары бар. Егер ол кішкентайынан ережені айналып өтуді ептілік, таныстықты артықшылық, ал заңсыз жолмен жеткен нәтижені табыс деп қабылдап өссе, ертең одан адалдықты талап ету қиын. Сондықтан сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәрбие тек «пара алма, пара берме» деген ескертумен шектелмеуі керек. Ол күнделікті қарапайым әрекеттерден басталады. Өз кезегіңді сақтау, өзгенің еңбегін құрметтеу, табылған затты иесіне қайтару, біреудің ақысын жемеу, қателессең мойындай білу, жеңілген кезде нәтижені әділ қабылдау, мақсатыңа өз еңбегіңмен жету осындай қарапайым қағидалар баланың бойында әділдік пен жауапкершілік сезімін қалыптастырады.
Әр ата-ана баласының жетістікке жеткенін қалайды. Жақсы оқыса, байқауда жеңсе, жоғары оқу орнына түссе, жақсы маман атанса деп тілейді. Бұл – табиғи нәрсе. Дегенмен баланы қалай болса да бірінші болуға емес, адал жолмен жеңуге тәрбиелеу одан да маңызды. Кейде баланың алдындағы барлық кедергіні алып тастап, оның мәселесін өзіміз шешіп бергіміз келеді. Бірақ сол арқылы оның өз күшімен күресуіне, жеңілуіне, қайта тұрып еңбектенуіне мүмкіндік бермей қоюымыз мүмкін. Дайын мүмкіндік уақытша көмектеседі, ал адал еңбек ету мен өз күшіне сену дағдысы адамға өмір бойы қызмет етеді. Бала өзінің білімі мен еңбегінің арқасында қол жеткізген кішкентай жеңісінің өзі таныстықпен немесе біреудің көмегімен келген үлкен нәтижеден қымбат екенін түсініп өсуі қажет.
Отбасында басталған тәрбие мектепте және қоғамда жалғасады. Мектеп тек білім беретін орын емес, баланың азаматтық көзқарасы қалыптасатын орта. Оқушы сол жерде өзгелердің пікірін тыңдауды, өз ойын айтуды, ортақ ережеге бағынуды, әділ бәсекені, жауапкершілікті үйренеді. Сондықтан жастар арасында адалдық, әділдік, құқықтық сауаттылық пен сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік тақырыптарын ашық талқылаудың маңызы зор. Пікірсайыстар, эссе және сурет байқаулары, тақырыптық кездесулер мен түрлі қоғамдық іс-шаралар жастарға дайын ұранды жаттатудан гөрі, мәселе туралы өз бетінше ойлануға мүмкіндік береді. Жас адам «Әділ қоғам қандай болуы керек?», «Менің таңдауым өзгелерге әсер ете ме?», «Заңсыз артықшылықтың зардабы кімге тиеді?» деген сұрақтарға өзі жауап іздегенде, оның бойында саналы азаматтық ұстаным қалыптаса бастайды.
Бүгінгі жастарды тек тәрбиенің нысаны ретінде қарастыру да дұрыс емес. Олар ертеңгі қоғамды құратын ғана емес, бүгінгі өзгерістерге де ықпал ете алатын күш. Қазіргі жас ақпаратты жылдам қабылдайды, салыстырады, сұрақ қояды, әділетсіздікке өз көзқарасын білдіреді. Сондықтан жастардың «таныссыз ештеңе шешілмейді» деген түсінікпен емес, «біліміммен, еңбегіммен, қабілетіммен жетемін» деген сеніммен өсуіне жағдай жасау маңызды. Оларға адал болу әлсіздік емес екенін, заңды сақтау мүмкіндіктен бас тарту емес екенін, ал әділетсіздікке «жоқ» дей алу азаматтық ұстаным екенін көрсетуіміз керек.
Адал ұрпақ тәрбиелеу тек ата-ананың немесе мектептің міндеті емес. Бұл – бүкіл қоғамға ортақ жауапкершілік. Өйткені бала үйдегі тәрбиені де, мектептегі ортаны да, көшедегі адамдардың әрекетін де, әлеуметтік желідегі мінез-құлықты да көреді. Қоғамның кімге құрмет көрсететінін, қандай жетістікті жоғары бағалайтынын да байқайды. Егер біз адал еңбек еткен адамды құрметтеп, әділдікті жоғары қойып, заңсыз жолмен жеткен жетістікті дәріптемесек, жас ұрпақ та сол құндылықтарға ұмтылады.
Балаларымызға қалдыратын мұрамыз тек дүние-мүлік пен жақсы білімнен тұрмайды. Оларға адал еңбектің бағаланатынына деген сенім, әділдікке құрмет, өз күшіне деген жігер және таза ат қалдыру да маңызды. Ертеңгі қоғамның қандай болатыны бүгінгі балалардың қолында болса, сол балалардың қандай болып өсетіні бүгін біздің көрсетіп жүрген үлгімізге байланысты. Сондықтан адал ұрпақ тәрбиелеудің ең қарапайым әрі ең маңызды қағидасы – балаңа қандай адам бол деп айтсаң, алдымен өзің сондай бол.
Заңгер Жандаулет Отарбайұлы
«Қарақия аудандық ішкі саясат жәнетілдерді дамыту бөлімі» ММ-нің
мемлекеттік әлеуметтік тапсырысыаясында дайындалды.