
Қазіргі қоғамда заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету – мемлекеттің тұрақты дамуының маңызды шарттарының бірі. Мемлекеттің міндеті – сын-қатерлерге жауап берумен қатар, заң талаптарын сақтау күнделікті өмірдің ажырамас нормасына айналатын жағдай қалыптастыру.
Қазақстан бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп, азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыруға, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және заң үстемдігін нығайтуға ерекше мән беріп келеді.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарының басшыларымен өткізген кеңесте «Заң және тәртіп» қағидаты қоғамның идеологиялық және саяси бағдарындай болуы керектігін атап өткен болатын. Ал Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Мемлекет басшысы заң алдында баршаның тең екенін және әрбір азаматтың, соның ішінде әлеуметтік желілерде де, заң талаптарын мүлтіксіз сақтауы қажет екенін айтты.
Бұл ұстанымдар мемлекеттің басты міндеттерінің бірі – елдегі тыныштықты, азаматтардың қауіпсіздігін және қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз ету екенін көрсетеді.
Халқымыздың даңқты перзенті, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлы: «Тәртіпке бағынған құл болмайды», – деген. Шын мәнінде, тәртіп пен жауапкершілік әр азаматтың күнделікті іс-әрекетінен басталады. Қоғам мүшелерінің бір-біріне құрметпен қарауы, әдептілік пен мәдениеттілікті сақтауы қоғамдық келісім мен өзара сенімнің нығаюына ықпал етеді.
Заңды білу және оны сақтау – құқықтық мемлекеттің басты талаптарының бірі. Осыған байланысты азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, өз құқықтары мен міндеттерін түсіндіру, заңға құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыру маңызды.
Мемлекет басшысы өз Жолдауында заң мен тәртіп, білім мен парасат үстемдік ететін қоғам құру қажеттігін атап өткен болатын. Әсіресе жас ұрпақтың бойында жауапкершілік, мәдениеттілік, жаңашылдық және жасампаздық қасиеттерін қалыптастыру – елдің болашағы үшін аса маңызды.
Заң мен тәртіп – әділеттілік пен теңдіктің, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың кепілі. Құқықтық мемлекетте барлық қоғамдық қатынастар заңмен реттеліп, әрбір азаматтың құқықтары қорғалады.
Қазақстан халқы ежелден кеңпейілдігімен, толеранттылығымен және өзара құрметімен ерекшеленіп келеді. Ел бірлігі мен қоғамдық келісім – мемлекетіміздің басты құндылықтарының бірі. Азаматтардың тіліне, дініне, ұлтына немесе әлеуметтік жағдайына байланысты кемсітуге жол берілмеуі тиіс. Мұндай қағидаттар заңмен қорғалады, ал құқық қорғау органдары заң бұзушылықтардың алдын алып, олардың жолын кесу бойынша тиісті шаралар қабылдайды.
Кез келген қоғам үшін әділдік пен қауіпсіздік – басты құндылықтар. Оларды қамтамасыз ету мемлекеттің тиімді жұмыс істеуінің маңызды көрсеткіші болып табылады.
Сондықтан заң мен тәртіпті сақтау – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, әрбір азаматтың ортақ міндеті. Құқықтық мәдениеті жоғары, жауапкершілігі мол қоғам ғана тұрақты дамып, қауіпсіз болашаққа нық қадам баса алады.
Заң мен тәртіп – қоғам тұрақтылығының, азаматтар қауіпсіздігінің және ел болашағының берік негізі.








