
Құрылтай сайлауы күні Келес ауданындағы №327 сайлау учаскесіне келушілер қатарында әлеуметтік желіде белсенді жастардың бірі, ауданның танымал блогері Оразкүл Серікқызы да болды.
Жастар арасында танымал Оразкүл Серікқызы Instagram және TikTok әлеуметтік желілерін белсенді жүргізіп, өзінің шығармашылық контенті арқылы көпшілікпен тұрақты байланыс орнатып келеді. Ол әлеуметтік желідегі белсенділігін қоғамдық өмірмен ұштастырып, бүгінгі маңызды саяси науқанға қатысып, азаматтық таңдауын жасады.
Блогердің сайлауға қатысуы – жастардың қоғамдық-саяси өмірге белсенді араласуының бір көрінісі. Әсіресе әлеуметтік желі арқылы мыңдаған оқырманымен байланыс орнататын жастардың өз азаматтық ұстанымын білдіруі замандастарына да үлгі болары сөзсіз.
«Әр адамның таңдауы – елдің ертеңіне әсер ететін маңызды қадам. Сондықтан жастарды да өз таңдауын жасап, азаматтық белсенділік танытуға шақырамын», – деді Оразкүл Серікқызы.
Бүгін Келес ауданындағы 61 сайлау учаскесінде дауыс беру процесі жалғасуда. Ауданда сайлаушылардың жалпы саны – 70 438 адам.








