
Көкшетау қаласында «Заң мен тәртіп» идеологемасын және «Адал азамат» тәрбие бағдарламасын іске асыру аясында Ақмола облысының Полиция департаменті және Ақмола облысының Денсаулық сақтау басқармасына қарасты Психикалық денсаулық орталығымен бірлесіп, мектеп директорларының орынбасарларына арналған «Білім беру ортасында есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алудың және есірткіге қарсы мәдениетті қалыптастырудың заманауи тәсілдері» тақырыбында семинар ұйымдастырылды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – білім беру ұйымдарындағы профилактикалық жұмыстың тиімділігін арттыру, оның ішінде қауіп тобына жататын балалар мен жасөспірімдерді ерте анықтау, сондай-ақ оқушылардың өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауын және есірткіге қарсы тұрақты мәдениетін қалыптастыру.
Семинар барысында қатысушылар есірткі заттарының заңсыз айналымы мен қолданылуына байланысты құқық бұзушылықтардың алдын алудың заманауи тәсілдерін, педагогтер, құқық қорғау органдары және денсаулық сақтау жүйесі мамандары арасындағы өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады.
Іс-шарада Ақмола облысы Полиция департаментінің есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі, Аналар кеңесінің мүшесі Разия Талғатқызы Курсанова және Ақмола облысы Денсаулық сақтау басқармасының Психикалық денсаулық орталығының басшысы Александр Анатольевич Высоцкий спикер ретінде сөз сөйледі.
Мұндай семинарлар мектептер, құқық қорғау органдары және медицина мамандары арасындағы өзара байланысты нығайтуға ықпал етеді. Сонымен қатар олар балалар үшін қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыруға және есірткіге қарсы профилактикалық жұмыстың сапасын арттыруға бағытталған.








