
Көкшетау қаласындағы Ж. Мусин атындағы жоғары қазақ педагогикалық колледжінде балалардың сөйлеу тілін дамытуға арналған «LOGOKIDS» логопедиялық кабинетінің салтанатты ашылуы және қазақ тілінде әзірленген «Логопедия» оқулығының тұсаукесері өтті.
Аталған екі бастама балаларға логопедиялық қолдау көрсету мен болашақ мамандарды даярлаудың оқу-әдістемелік және практикалық негізін нығайтуға бағытталған.
Жаңа кабинеттің лентасын қию құрметі Ақмола облысының білім басқармасының басшысы Әйгерім Қошанова, Ақмола облысында инклюзивті білім беруді дамыту жөніндегі Үйлестіру кеңесінің төрағасы, саяси ғылымдарының кандидаты Марат Ибраев және колледж директоры Меңдігүл Елеушоваға берілді.
«LOGOKIDS» кабинеті интерактивті құм құралымен, интерактивті еденмен, ақылды айнамен және «Алма» интерактивті айнасымен жабдықталған. Заманауи кеңістік балалардың дыбыстарды дұрыс айтуын қалыптастыруға, сөздік қорын байытуға, байланыстырып сөйлеу дағдыларын дамытуға және түзете-дамыту жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар кабинет колледж білім алушылары үшін тәжірибелік алаң ретінде қызмет етеді. Болашақ мамандар мұнда заманауи логопедиялық және түзете-дамыту әдістерін меңгеріп, кәсіби дағдыларын жетілдіре алады.
Іс-шара аясында қазақ тілінде әзірленген «Логопедия» оқу құралының тұсаукесері де өтті.
Оқулықтың авторлары – колледж директорының республикалық оқу-әдістемелік бірлестік жұмысы бойынша орынбасары, педагогика ғылымдарының магистрі Смаилова Айгүл Тоқтауылқызы және арнайы пәндер оқытушысы, логопед-дефектолог Искакова Бахыт Жарматайқызы.
Оқулық мектепке дейінгі ұйымдарда балалардың сөйлеу тілін дамыту, сөйлеу бұзылыстарының алдын алу және түзету жұмыстарының ғылыми-әдістемелік негіздерін меңгеруге бағытталған. Жаңа еңбек болашақ мамандардың кәсіби құзыреттілігін арттырып, теориялық білімдерін тәжірибеде тиімді қолдануына мүмкіндік береді.
«LOGOKIDS» кабинетінің ашылуы мен «Логопедия» оқулығының жарық көруі – колледждегі білім мен тәжірибенің сабақтастығын нығайтатын маңызды қадам. Жаңа кабинет пен оқу құралы балалардың сөйлеу тілін дамытуға, түзете-дамыту жұмыстарын жетілдіруге және кәсіби білікті мамандар даярлауға жаңа мүмкіндіктер береді.









