
Біреудің өтінішімен банк картаңызды немесе шотыңызды «уақытша пайдаланып тұруға» беру — жай ғана көмек емес. Бұл әрекет сізді қылмыстық схемаға қатысушыға айналдыруы мүмкін.
«Картаңды бере тұр, ақша түседі де, қайта жібересің»,
«Ештеңе істемейсің, тек ақша аударымын қабылдайсың»,
«Жеңіл жұмыс, күніне бірнеше мың теңге табасың»,
«Картаңды жалға берсең болды», «жеңіл табыс табасың» деген ұсыныстарға сақ болыңыз.
Мұндай ұсыныстардың артында алаяқтық, заңсыз ақша айналымы немесе басқа да қылмыстық әрекеттер тұруы ықтимал.
Дроппер деген кім?
Дроппер — өз банк картасын, шотын, электронды әмиянын немесе банк қосымшасына қатысты деректерін басқа адамдардың ақша аударымдарын қабылдау және әрі қарай өткізу үшін пайдалануға беретін адам.
Кейде адам өзінің заңсыз іске араласқанын түсінбеуі де мүмкін. Алайда «мен ақшаның қайдан келгенін білмедім» деу әрдайым жауапкершіліктен құтқара бермейді.
Ең қауіптісі — «оңай ақша»
Әлеуметтік желілерде, мессенджерлерде және түрлі чаттарда:
«Карта иелері қажет»
«Жеңіл жұмыс»
«Үйден шықпай табыс тап»
«Ақша қабылдап, комиссия ал»
«Картаңды жалға бер» сияқты хабарландырулар кездесуі мүмкін.
Есіңізде болсын: оңай табыс болып көрінгенімен, оның салдары өте ауыр болуы мүмкін.
Сізге тиесілі банк картасы — тек ақша сақтайтын құрал емес. Ол сіздің атыңызбен тіркелген қаржылық құрал. Сондықтан оны басқа адамның пайдалануына беру арқылы өзіңізді тәуекелге саласыз.
«Тек карта керек» дегенге сенбеңіз!
Банк картасының нөмірін, SMS арқылы келген кодтарды, интернет-банкингке кіру деректерін, PIN-кодты, құпия сөздерді және басқа да банк мәліметтерін ешкімге бермеңіз.
Картаңызды да, банк қосымшасына кіру мүмкіндігін де бөтен адамға тапсырмаңыз.
Егер біреу сізден картаңызды немесе шотыңызды пайдалануды сұраса — бірден бас тартыңыз.
Өзіңізді де, жақындарыңызды да қорғаңыз
Ата-анаңызға, балаларыңызға, достарыңызға және қарт туыстарыңызға дропперлік туралы айтып жүріңіз.
Әсіресе жастарға арналған «жоғары табыс әкелетін жұмыс» ұсыныстарына мұқият болу маңызды. Қылмыстық топтар адамның қаржылық сауаттылығының төмендігін немесе ақшаға деген қажеттілігін пайдаланып, оны өз схемасына тартуы мүмкін.









