Ақтауда жылыту маусымына дайындық жұмыстары пысықталды

    Ақтауда жылыту маусымына дайындық жұмыстары пысықталды

    Бүгін, 17 тамыз күні Ақтауда қала әкімі Әбілқайыр Байпақовтың төрағалығымен 2026–2027 жылдарға арналған қысқы жылыту маусымына дайындық жөнінде жиын өтті. Отырысқа қала әкімінің орынбасары, облыстық басқарма және қала әкімдігінің сондай-ақ коммуналдық мекеме өкілдері қатысты.

    Жиында қаладағы жылу және электр желілерін, автономды қазандықтарды, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды жылыту маусымына дайындау барысы қаралды.

    Ақтау қаласында 1313 көппәтерлі тұрғын үй бар. Оның 1195-і орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған, ал 118 тұрғын үй 29 автономды қазандық арқылы жылумен қамтылады. Қазіргі уақытта автономды қазандықтарды тексеру, ақауларын анықтау және жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы жиында Ақтау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Бексұлтан Шалабаев мәлімдеді.

    - Қаладағы электр желілерінің жалпы ұзындығы 485 шақырымды құрайды. Тозығы жеткен желілерді жаңарту жұмыстары кезең-кезеңімен іске асырылуда. Биыл электр желілерін жаңарту бойынша жұмыстар жалғасып, сондай-ақ трансформаторлық қосалқы станцияларға жоспарлы жөндеу жүргізілуде. Тұрғын үйлерді жылумен тиімді қамтамасыз ету мақсатында автоматтандырылған басқару тораптарын орнату жұмыстары да жалғасуда. Бұған дейін қаладағы бірқатар шағын аудандарда автоматтандырылған жылу тораптары орнатылып, олардың нәтижесінде жылу энергиясын тұтыну деңгейі төмендеген, – деді Бексұлтан Шалабаев.

    Жиында қала әкімі Әбілқайыр Байпақов жылыту маусымына дайындық жұмыстарын сапалы әрі уақытылы аяқтаудың маңыздылығын атап өтті.

    - Дайындық жұмыстары сапалы атқарылуы тиіс. Әр коммуналдық мекеме өз құзыреттілігіндегі жұмыстарға тиянақты қарауы тиіс. «МАЭК» ЖШС қысқа уақыт ішінде орталық жылу құбырындағы ақауларды жою жұмыстарын аяқтап, гидравликалық сынақ жұмыстарын бастауға мүмкіндік жасауы керек. Сонымен қатар қаладағы барлық білім, әлеуметтік, мәдени және медициналық нысандардың жылыту маусымына дайындығы қатаң бақылауда болуы тиіс», – деді қала әкімі.

    Жиын қорытындысы бойынша жауапты мекемелерге жылыту маусымына дайындық жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтау, анықталған мәселелерді жедел шешу және әлеуметтік нысандардың қысқы кезеңге дайындығын қамтамасыз ету жөнінде тиісті тапсырмалар берілді.

    Ақтау қаласы әкімінің баспасөз қызметі

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Ақтау қаласы әкімінің аппараты" жаңалықтары