
Жамбыл облысы әкімдігінің Балалардың құқықтарын қорғау басқармасының ұйымдастыруымен 2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын іске асыру аясында бала құқықтарын қорғау және қорғаншылық пен қамқоршылық функцияларын жүзеге асыру мәселелеріне арналған «Балалардың құқықтарын қорғаудың заманауи тетіктері: сот тәжірибесі, прокурорлық ден қою және ведомствоаралық өзара іс-қимыл» тақырыбында семинар өтті.
Іс-шарада Жамбыл облысы әкімдігінің Балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Эльмира Иниятқызы Мырза-Ғали кіріспе сөз сөйлеп, балалардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі мемлекеттік органдардың ортақ міндеттеріне тоқталып, алдағы жұмыстың негізгі бағыттарын атап өтті.
Семинар барысында Жамбыл облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Думан Болатұлы Мәуленов, Жамбыл облысы прокуратурасының өкілі Қырғызбаев Жандос Атырханұлы және Жамбыл облысы полиция департаментінің қоғамдық қауіпсіздік басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ибрагим Еркебұлан Талғатұлы баяндама жасады.
Іс-шараға Жамбыл облысы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия хатшысы Қарлығаш Әшірбайқызы Салықбаева, сондай-ақ Тараз қаласы мен облыстың барлық аудандарынан қорғаншылық және қамқоршылық органдарының мамандары және аудан, қала әкімдіктері жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия хатшылары қатысты.
Жаңадан құрылған Жамбыл облысы әкімдігінің Балалардың құқықтарын қорғау басқармасы төрт негізгі бағыт бойынша жұмыс жүргізеді: қорғаншылық және қамқоршылық функцияларын жүзеге асыру, қылмыстық процестегі және ерекше қолдауды қажет ететін балаларды сүйемелдеу, психологиялық қолдау орталығының қызметін үйлестіру, сондай-ақ балалардың құқықтарын қорғау және олардың бұзылуын ерте анықтау.
Бүгінде Жамбыл облысында 452 342 кәмелетке толмаған бала тұрады. Оның 1 180-і – жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар. Соның ішінде 883 бала қорғаншылық пен қамқоршылықта, 126 бала патронаттық тәрбиеде, 37 бала қабылдаушы отбасыларда, 7 бала отбасы үлгісіндегі балалар үйлерінде, 127 бала мемлекеттік мекемелерде тәрбиеленуде.
Іс-шараға сот, прокуратура, полиция, жергілікті атқарушы органдар мен балалардың құқықтарын қорғау саласында жұмыс істейтін мамандар қатысты.
Семинар аясында қатысушылар өңірдегі балалардың құқықтарын қорғау практикасына қатысты өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып, нақты жұмыс барысында кездесетін проблемалар мен оларды шешу жолдарын талқылады. Сонымен қатар ведомствоаралық ақпарат алмасуды жетілдіру, құқық бұзушылықтар мен балаға қатысты қауіп-қатерлерді ерте анықтау, сондай-ақ уәкілетті органдардың жедел әрі үйлесімді әрекет ету тетіктерін жетілдіру мәселелеріне ерекше назар аударылды.









