
2026 жылдың 13 шілде күні Түркістан облысы білім басқармасының ұйымдастыруымен «Жаңа халықтық конституцияның нормалары мен құндылықтары: Адами капиталды дамыту-білім беру жүйесінің стратегиялық негізі» тақырыбында облыстық тамыз педагогикалық кеңесінің секциялық отырысы өтті.
Тамыз педагогикалық кеңесінің секциялық отырысына Департаменттің «Еңбек заңнамасы бөлімінің» басшысы – Сапарқұлов Ғалымжан Сейдуәліұлы қатысып, «Білім беру ұйымдарындағы кадрлық менеджмент: заң талаптарын сақтау, кәсіби этика және нәтижеге бағдарланған басқару» тақырыбында баяндама жасады.
Ғалымжан Сейдуәліұлы өз баяндамасында Білім беру ұйымындағы тиімді басқарудың негізі – кәсіби кадрлық менеджменттегі заң талаптарының сақталуы, кәсіби этиканың рөлі, педагогтер мен қызметкерлердің құқықтарын сақтау, еңбек заңнамасының талаптарын орындау және қолайлы еңбек ортасын қалыптастыру – басшының маңызды міндеттерінің бірі екенін ерекше атап өтті.
Сонымен қатар, кадрлық менеджментте еңбек кодексінің заңнамалық талаптарының сақталуы ерекше маңызға ие. Қызметкерлерді жұмысқа қабылдау, еңбек шартын жасасу, оны дұрыс рәсімдеу, еңбек демалысын беру, жұмыс уақыты мен демалысты заңға сай ұйымдастыру, жалақы мен төлемдерді уақытылы жүргізу – еңбек даулары мен құқық бұзушылықтардың алдын алудың негізі.
Сондай-ақ, кәсіби этика – ұжымда әділдік пен өзара құрметті қалыптастыру. Кемсітушілікке, буллинг пен моббингке, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық көріністеріне жол бермеу – қолайлы еңбек ахуалының кепілі. Қызметкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін сақтау – тиімді басқару мәдениетінің маңызды көрсеткіші болып табылады.









