
Жарқайың аудандық мәслихатының төрағасы Арқалық қаласының 70 жылдығына арналған іс-шараларға қатысты
7–8 тамыз күндері Арқалық қаласы әкімдігінің шақыруымен Жарқайың аудандық мәслихатының төрағасы А. Әлжанов Арқалық қаласының 70 жылдық мерейтойына және XXXIX облыстық жазғы спартакиаданың ашылуына арналған іс-шараларға қатысты.
7 тамыз күні «Жігер» стадионында облыстық жазғы спартакиаданың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Ауқымды спорттық шараны Қостанай облысының әкімі Қ. Ақсақалов ашты.
Қала мерейтойына арналған мерекелік бағдарлама өте мазмұнды әрі ауқымды болды. Спартакиада аясында жазғы спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылып, оның ішінде ұлттық спорт түрлері — көкпар, бәйге бойынша сайыстар өтті. Сонымен қатар мәдени-көпшілік іс-шаралар да жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
8 тамыз күні А. Әлжанов бірқатар іс-шараларға, соның ішінде Арқалық қаласының 70 жылдығына арналған конференцияға қатысты. Конференция Мәдениет сарайында өтті.
Барлық іс-шаралар жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өтіп, қала тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Арқалық қаласының бүгінгі келбетіндегі оң өзгерістерді ерекше атап өткен жөн. Қаланы абаттандыру және инфрақұрылымын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылған. Күрделі жөндеуден өткен теміржол вокзалы пайдалануға берілді. Қазіргі таңда әуежай құрылысы аяқталуға жақын. Сонымен қатар қалада басқа да жаңа нысандар бой көтеруде.
Арқалықтың 70 жылдық мерейтойы — қаланың жеткен жетістіктерін саралап қана қоймай, оның болашақтағы даму бағыттарын айқындайтын маңызды мереке болды. Бүгінде Арқалық көркейіп, жаңарып, жаңа даму кезеңіне қадам басып келеді.









