Астана қаласы әкімінің орынбасары Е.С. Мейірханның төрағалығымен қалалық үшжақты комиссияның кезекті отырысы өтті

    Астана қаласы әкімінің орынбасары Е.С. Мейірханның төрағалығымен қалалық үшжақты комиссияның кезекті отырысы өтті

    Астана қаласы әкімінің орынбасары Е.С. Мейірханның төрағалығымен Астана қаласы әкімдігінде Әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі Қалалық үшжақты комиссияның кезекті отырысы өтті. Отырысқа Астана қаласы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаменті басшысының орынбасары М.А. Шакенов, сондай-ақ әлеуметтік әріптестік тараптары мен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

    Отырыс барысында Астана қаласы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаменті басшысының орынбасары жұмыс берушілердің еңбек заңнамасы талаптарын сақтау қажеттігін, оның ішінде қызметкерлерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шарттарын жасасу және мәліметтерді Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне (ЕШЕБЖ) уақтылы енгізу мәселелеріне тоқталды.

    Жыл басынан бері міндетті сақтандыру шарттарын жасамағаны үшін 8 жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 5 млн теңге айыппұл салынды.

    Отырыс соңында Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаменті басшысының орынбасары әлеуметтік әріптестік тараптарын жұмыс берушілер арасында еңбек заңнамасы талаптарын сақтау, қызметкерлерді міндетті сақтандыру шарттарын жасасу және ЕШЕБЖ-ге мәліметтерді уақтылы енгізу мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуге шақырды.

    Сонымен қатар, Астана қаласының әкімдігі, жұмыс берушілердің уәкілетті өкілдері және аумақтық кәсіптік одақтар бірлестіктері арасында 2024–2026 жылдарға арналған Қалалық келісімнің іске асырылу барысы туралы есептер тыңдалды. Сондай-ақ қатысушыларға «Астана қаласының кәсіподақтары» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің қызметі туралы таныстырылым ұсынылды.

    Отырыс қорытындысы бойынша тиісті шешімдер қабылданып, әлеуметтік-еңбек қатынастарын одан әрі нығайтуға және еңбек заңнамасының сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған нақты тапсырмалар жауапты мемлекеттік органдар мен әлеуметтік әріптестік тараптарына жүктелді.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    ""Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Астана қаласы бойынша департаменті"РММ" жаңалықтары