
Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Василий Левит Сербияның Нови-Сад қаласында өткен пара оқ атудан Әлем кубогында жоғары нәтиже көрсеткен елордалық спортшылармен кездесті.
Кездесу еркін форматта өтіп, халықаралық жарыстағы жетістіктер мен алдағы жоспарлар кеңінен талқыланды. Басқарма басшысы спортшылардың табандылығы мен кәсібилігінің арқасында қол жеткізген жеңістердің ел спортының дамуына серпін беріп, Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін арттыруға үлес қосып отырғанын атап өтті. Сондай-ақ жаттықтырушылар құрамының еңбегіне жоғары баға беріп, спортшыларға қолдау көрсеткен барша азаматтарға алғысын жеткізді.
Әңгіме барысында алдағы ең маңызды дода – қыркүйек айында Оңтүстік Кореяның Сеул қаласында өтетін лицензиялық Әлем чемпионатына дайындық мәселелері сөз болды. Бұл жарыста LA 2028 Паралимпиада ойындарының 24-ке жуық жолдамасы сарапқа салынады.
Василий Левит спортшыларға жауапты сын алдында сәттілік тілеп, олардың ел намысын лайықты қорғап, жоғары нәтиже көрсететініне сенім білдірді.
Жиын соңында спортшыларға Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының Алғыс хаттары табыс етілді.









