Сессияда маңызды мәселелер қаралды

    ·Жаңалықтар мұрағаты
    Сессияда маңызды мәселелер қаралды

    2026 жылғы 29 қыркүйекте Түркістан облыстық мәслихатының кезектен тыс жиырма жетінші сессиясы өтті.

    Сессияға облыс әкімі Нұралхан Көшеров, облыс әкімдігінің мүшелері, облыстық басқармалардың басшылары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Сессия отырысын облыстық мәслихаттың төрағасы Нұралы Әбішов жүргізді.

    Сессияның күн тәртібіне өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, білім беру, көлік, абаттандыру және экологиялық мәдениетті дамыту бағыттарына қатысты 5 мәселе енгізілді.

    Алдымен депутаттар «Түркістан облысының Құрметті азаматы» атағын беру мәселесін қарады. Аталған мәселе бойынша облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Әділ Бектұрғанов баяндама жасады. Мәселені талқылау барысында депутаттар ұсынысты қолдап, тиісті шешім қабылдады.

    Қабылданған шешімге сәйкес, «Түркістан облысының Құрметті азаматы» атағы Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әлмаханұлы Әбішовке, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Нұржан Нұрмаханбетұлы Әжіметовке, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Қасымхан Сейітханұлы Бегмановқа, Алматы қаласының әкімі Дархан Амангелдіұлы Сатыбалдыға, облыстық мәслихат депутаты Ғалымжан Қамытбекұлы Елшібайға, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының экс-депутаты Дархан Қуандықұлы Қыдырәліге, «Баянды Құрылыс компания» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Базарбай Зұбайдұллаұлы Мұсабековке, «DALA-FRUIT» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Болатбек Нажметдинұлына, еңбек ардагері Нұрбек Садықбекұлы Нышановқа және мемлекеттік қызмет саласының ардагері Салыхан Сабырұлы Полатовқа берілді.

    Бұдан бөлек, депутаттар Түркістан облысы әкімдігі жанындағы білім сапасы жөніндегі өңірлік кеңестің құрамын бекіту туралы мәселені қарады.

    Сондай-ақ «Түркістан облысы бойынша әлеуметтік маңызы бар қатынастардың тізбесін айқындау туралы» Түркістан облыстық мәслихатының 2019 жылғы 9 желтоқсандағы №44/477-VI шешіміне өзгеріс енгізу туралы мәселе талқыланды.

    Сессия барысында елді мекендерді абаттандыру және көгалдандыру мәселесіне де назар аударылды. Атап айтқанда, «Түркістан облысы елді мекендердің жасыл екпелерін жасау, күтіп-баптау және қорғаудың қағидаларын, Түркістан облысының қалалары мен елді мекендерінің аумақтарын абаттандырудың қағидаларын бекіту туралы» Түркістан облыстық мәслихатының 2023 жылғы 10 шілдедегі №4/50-VIII шешіміне өзгерістер енгізу туралы мәселе қаралды.

    Сонымен қатар экологиялық мәдениетті дамытуға бағытталған «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі Түркістан облысы бойынша жоспарға өзгеріс енгізу мәселесі талқыланды.

    Күн тәртібіндегі барлық мәселелер жан-жақты қаралып, депутаттар өз ұсыныстары мен пікірлерін білдіріп, тиісті шешімдер қабылдады.

    Сессия соңында облыстық мәслихаттың төрағасы Нұралы Әбішов сегізінші шақырылымдағы мәслихаттың жұмысына тоқталды. Осы кезеңде 27 сессия өтіп, 365 шешім қабылданғанын, депутаттардың халықпен тұрақты кездесіп, өзекті мәселелерді шешуге атсалысқанын атап өтті. Сондай-ақ депутаттардың біліктілігін арттыруға арналған семинарлар, Қожа Ахмет Ясауи ілімін насихаттау және туризмді дамытуға арналған конференция, мәслихаттардың 30 жылдығына орай бірқатар ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылғанын айтты. Төраға бұл жұмыстар атқарушы және өкілді органдардың бірлескен еңбегінің нәтижесі екенін атап өтіп, облыс әкімдігі мен әріптестеріне алғысын білдірді.

    Сессияны қорытындылаған облыс әкімі Нұралхан Көшеров өкілді және атқарушы органдардың өзара сындарлы іс-қимылының маңыздылығына тоқталып, халықтың мүддесіне бағытталған ортақ жұмыстың нәтижелі болғанын атап өтті. Облыс әкімі маңызды шешімдерді қабылдауға қолдау көрсеткендері үшін депутаттарға алғысын білдіріп, алдағы қызметтеріне сәттілік тіледі.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "" жаңалықтары