Уәлиханов ауданында жастар арасында нашақорлықтың алдын алуға бағытталған «Менің таңдауым – есірткісіз өмір» атты профилактикалық кездесу өтті.
Іс-шараны аудан прокуратурасы мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп ұйымдастырды. Кездесудің мақсаты жасөспірімдер мен жастар арасында есірткінің таралуының алдын алу, заңсыз есірткі құралдарына деген теріс көзқарасты қалыптастыру және салауатты өмір салтын насихаттау.
Кездесу барысында қатысушыларға есірткінің адам денсаулығына, психикасына және болашағына тигізетін зияны туралы айтылды. Сондай-ақ нашақорлықтың тек оны қолданушыға ғана емес, оның отбасы мен жақындарына да ауыр зардап әкелетіні түсіндірілді.
Жастарға есірткі қолданудың салдары туралы бейнероликтер көрсетіліп, есірткі құралдарының заңсыз айналымы үшін көзделген қылмыстық жауапкершілік жөнінде кеңінен ақпарат берілді. Мамандар жастарды күмәнді ұсыныстарға ермеуге, заң талаптарын сақтауға шақырды.
Кездесу барысында бос уақытты тиімді өткізу, спортпен шұғылдану, дұрыс орта таңдау және зиянды әдеттерден аулақ болудың маңыздылығы да талқыланды.
Шара соңында жастар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мамандар заңнама талаптары мен есірткі қылмыстарының салдары бойынша түсіндірме берді. Қатысушыларға нашақорлықтың алдын алу, қауіпті белгілер және көмекке қайда жүгінуге болатыны туралы ақпараттық жадынамалар таратылды.
Осындай профилактикалық кездесулер жастардың құқықтық сауаттылығын арттырып, олардың есірткісіз, салауатты өмірді таңдауға деген жауапкершілігін күшейтуге ықпал етеді.