АУДАННЫҢ ДАМУЫ АҒА БУЫННЫҢ АҚЫЛЫМЕН АЙҚЫНДАЛАДЫ

    АУДАННЫҢ ДАМУЫ АҒА БУЫННЫҢ АҚЫЛЫМЕН АЙҚЫНДАЛАДЫ
    АУДАННЫҢ ДАМУЫ АҒА БУЫННЫҢ АҚЫЛЫМЕН АЙҚЫНДАЛАДЫ
    Аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытовтың бастамасымен өткен «Аға буын аманаты – ел дамуының темірқазығы» атты тағылымды кездесуде елдің бірлігі мен ауданның өркендеуіне үлес қосып жүрген ардагерлер мен зиялы қауым өкілдері бас қосты. Еркін форматта ұйымдастырылған жүздесуге аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов пен аудандық ішкі істер басқармасының бастығы Мұрат Ермеков, аудан прокуроры Мырзахмет Өтегенов пен бірқатар бөлім басшылары, БАҚ өкілдері қатысып, ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, ауданның бүгінгі тынысы мен ертеңгі даму бағытын саралауға мүмкіндік берді.
    Кездесу барысында соңғы жылдары ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытындағы жұмыстар жан-жақты таныстырылып, жүзеге асырылып жатқан инфрақұрылымдық жобалар, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік салалардағы оң өзгерістер туралы баяндалды. Сонымен қатар, атқарылуы жоспарланған маңызды жобалар мен басым бағыттар таныстырылды.
    Жиында тек жетістіктер ғана емес, тұрғындарды толғандырып жүрген өзекті мәселелер де ашық айтылды. Әсіресе, аграрлы аудан үшін білікті ауыл шаруашылығы мамандары мен техникалық бағыттағы кадрлардың тапшылығы, жас ұрпақ тәрбиесі, әлеуметтік қолдау шараларының тиімділігі, медицина қызметінің сапасы мен білім беру саласының бүгінгі жай-күйі кеңінен талқыланды.
    Ардагерлер мен зиялы қауым өкілдері өздерінің өмірлік тәжірибесіне сүйене отырып, ауданның дамуына қатысты бірқатар ұсыныстарын айтты. Жастардың еңбекке деген жауапкершілігін арттыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, ауылдағы кадр тапшылығын шешу, қоғамдық келісім мен бірлікті нығайту бағытындағы пікірлер ерекше қолдау тапты. Кездесу барысында қойылған сұрақтарға аудан әкімі нақты жауап беріп, көтерілген ұсыныстардың кезең-кезеңімен жүзеге асырылатынын атап өтті.
    Серік Үсенұлы өз сөзінде ауданның тұрақты дамуы халық пен биліктің өзара сеніміне, аға буынның ақыл-кеңесі мен жастардың жігеріне негізделетінін айтып, ардагерлердің қоғамдағы орны әрдайым ерекше екенін жеткізді. Сондай-ақ, елдік мәселелерде олардың өмірлік тәжірибесі мен парасатты пікірі қашанда маңызды екенін атап өтті.
    Кездесу соңында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына ұзақ жылдар бойы адал еңбек етіп, бүгінде қоғамдық жұмыстардан шет қалмай, ел бірлігі мен саяси тұрақтылықты, ұлтаралық келісімді нығайту жолында белсенділік танытып жүрген бірқатар ардагерлерді алғыс хаттармен марапаттаған аудан басшысы иықтарына шапан жауып, ел игілігі жолындағы еңбектеріне шынайы ризашылығын білдірді.
    «Бүгінгі мазмұнды жүздесу өзара сенімге негізделген ашық диалогтың жарқын үлгісі ғана емес, аға буынның аманаты мен өмірлік тәжірибесінен сабақ алу, ауданның даму жолында маңызды бағдар ретінде қолдану» дейді аудан әкімі.
    Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Жетісай ауданы әкімінің аппараты" жаңалықтары