
АУДАН ӘКІМІНІҢ КЕЗЕКТІ КЕЗДЕСУІ ЖЕТІСАЙ ҚАЛАСЫНДА ӨТТІ
Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытов бекітілген кестеге сәйкес жергілікті тұрғындармен кездесулерін Жетісай қаласындағы орталық саябақ пен энергетиктер аллеясында өткізді. Мақсат – қала тұрғындары тарапынан көтерілген өзекті мәселелер бойынша атқарылған жұмыстардың барысымен таныстырып, басқа да мәселелердің шешілу жолдарын бірігіп талқылау, азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту ісінде қосымша ұсыныс-пікірлерді тыңдау.
Басқосуға аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов пен барлық бөлімдердің, тиісті мекемелердің басшылары, зиялы қауым өкілдері мен қала тұрғындары, қоғам белсенділері қатысты.
Кездесу барысында есептік баяндамадан гөрі тұрғындармен еркін форматта пікір алмасып, сұрақтарға жауап беруге басымдық жасаған аудан әкімі көтерілген мәселелердің ешбірі назардан тыс қалмайтынын айтты.
«Бұл жай ғана халықпен кездесіп, өтініштерін тыңдап кететін жиын емес. Әр тұрғынның талап-тілегі мен арыз-шағымы хаттамаға енгізіліп, оның нақты шешімі қарастырылады, тиісті жауабы беріледі. Мемлекет басшысы айтқандай еліміздегі әрбір азаматтың пікірі, ұсынысы назардан тыс қалмайды. Алайда, кейбір мәселелердің шешімі қаражат пен уақытты талап етіп жатады. Қазір мемлекетіміз бюджетті барынша үнемдеп, тиімді жұмсауды қолға алды. Сондықтан, барлық жоспарлар кезең-кезеңімен орындалады» деген Серік Үсенұлы Жетісай қаласындағы бірқатар маңызды жобалардың инвесторлар есебінен жүзеге асырылып жатқанын жеткізді.
Қаладағы атқарылған жұмыстарды саралап, тұрғындарды толғандыратын мәселелерді ашық талқылау және алдағы міндеттерді айқындау мақсатында өткен жүздесуде қала дамуының маңызды салаларының бірі саналатын кәсіпкерлікті қолдау бағыттары бойынша, жолда жүру ережелерінің сақталуы үшін жол бойларына қажетті қауіпсіздік белгілерін орнату, ішкі көшелерді орта жөндеуден өткізу, таза ауыз су, көшелерге жарықшамдар орнату, санитарлық тазалықты сақтау және көркейту-абаттандыру жұмыстарын күшейту мәселелері көтерілді.
Еркін форматта өткен кездесуде тұрғындар өздерін алаңдатқан мәселелерді тікелей жеткізіп, сұрақтарын қойды. Серік Үсенұлы айтылған ұсыныстар мен өтініштер бойынша жауапты мамандарға нақты тапсырмалар беріп, шешілу барысын бақылауда ұстауды тапсырды.
Кездесуден соң мәселесін жеке айтамын деуші азаматтарға қабылдау өткізді.
Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі








