
«Заң мен Тәртіп» қағидатын іске асыру аясында Полиция департаменті талдау жұмыстарын жүргізді.
Жыл басынан бері облыс аумағында су айдындарында адам қаза табуының 4 дерегі тіркелді. Оның екеуі – кәмелетке толмағандар.
Аталған қайғылы оқиғалардың барлығы шомылуға арналмаған, арнайы жабдықталмаған орындарда орын алған.
Мұндай қайғылы жағдайлардың негізгі себебі – азаматтардың қарапайым қауіпсіздік қағидаларын елемеуі. Көп жағдайда балалар су айдындарының маңында ересектердің қарауынсыз жүреді.
Еске саламыз, арнайы жабдықталмаған жерлерде шомылу өмірге қауіпті ғана емес, сондай-ақ әкімшілік жауапкершілікке де әкеп соғады.
Бұл бағыттағы жұмыстар Полиция департаментінің тұрақты бақылауында. Сонымен қатар, жыл басынан бері Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері су айдындарындағы қауіпсіздік талаптарын бұзғаны үшін 30 азаматты әкімшілік жауапкершілікке тартты.
Барша ата-аналарды балаларды қараусыз қалдырмауға және тек ресми түрде жабдықталған шомылу орындарын таңдауға шақырамыз.
Тек бірлескен күш-жігердің арқасында ғана біз қайғылы жағдайлардың алдын алып, балаларымыздың өмірі мен денсаулығын сақтай аламыз.









