
Астанадағы Нұрсұлтан Назарбаев атындағы әуежайда Жапонияда өткен XX жазғы Азия ойындарының чемпионы Айбек Оралбайды қарсы алу рәсімі өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Бокстан ұлттық құраманың капитаны Айбек Оралбай, бас бапкер Нұржан Насановты Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Василий Левит, достары мен жанкүйерлері қарсы алды.
«12 жылдан кейін Төрехан Сабырхан екеуміз үзіліске нүкте қойып, қазақ жұртын алтын жүлдемен қуантып жатырмыз. Жауапкершілік үлкен әрі қысым жоғары. Осы жеңісіме бапкер, федерация, спорт басқармасы және жанкүйерлердің қолдауы үлкен әсерін тигізді. 2026 жылдың басты додасы болғандықтан, жылдың басынан бері оқу-жаттығу жиындарында арнайы дайындалдық. Басты қарсылас ретінде финалдағы Жахонгир Зокировты айтуға болады. Себебі, 2025 жылдағы әлем чемпионатының финалынан кейін, ол да реванш жасауға өзіндік жоспары болды. Бірақ бапкерлерімнің түзген тактикасының арқасында кезекті мәрте жеңісті өз еншіме жаздым. Енді алдағы ірі додаларда да қазақтың көк туын желбірете беремін деген сенімдемін», – деді Айбек Оралбай.
Бокстан 21 қыркүйек - 2 қазан күндері аралығында 33 мемлекеттің қатысуымен Жапонияда өткен жазғы Азия ойындарында жерлестеріміз 2 алтын, 3 қола жүлде жеңіп алып, жалпы есепте 3-орынға тұрақтаған болатын.
«Айбектің жекпе-жегі Азия ойындарындағы финалдың соңғы айқасы болды. Бізге жеңіске деген жігер, қазақтың намысын, рухын жібермеу өте маңызды болды. Қарсылас солақай болғандықтан, арнайы дайындалғанбыз. Өте қуаныштымыз. Өйткені дәл Айбек Оралбай жазғы Азия ойындарының ерекше нүктесін қоя білді. Қолдаған жандарға алғысымыз шексіз», – деді Айбек Оралбайдың жеке бапкері Асқар Еркебаев.
Айта кетейік, 2024 жылы Париж Олимпиадасынан кейін түпкілікті түрде аса ауыр салмаққа ауысқан Айбек Оралбай 3 жыл ішінде Азия чемпионаты, Әлем чемпионаты мен жазғы Азия ойындарында топ жарып үлгерді. Ол 21 жекпе-жек бойы жеңіліссіз келе жатыр.









