ИЗМИР МЭРІ ТҮРКІСТАНҒА КЕЛІП, ҚАЛАНЫҢ ТАРИХИ-РУХАНИ МҰРАСЫМЕН ТАНЫСТЫ

    ·
    ИЗМИР МЭРІ ТҮРКІСТАНҒА КЕЛІП, ҚАЛАНЫҢ ТАРИХИ-РУХАНИ МҰРАСЫМЕН ТАНЫСТЫ
    Түркияның Измир қаласының мэрі Джемиль Тугай бастаған ресми делегация Түркістанға арнайы іссапармен келді.
    Қонақтарды облыс әкімінің орынбасары Зұлпыхар Жолдасов пен Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы қарсы алып, шаһардың тарихи-мәдени және рухани орындарын таныстырды.
    Алдымен делегация «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығына барып, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етті. Бұл – түркі халықтарының ортақ рухани мұрасы тоғысқан, Түркістанның тарихи келбетін айқындайтын басты нысандардың бірі.
    Қала әкімі қонақтарға Түркістанның тарихи мұрасы, қаланың бүгінгі туристік әлеуеті және соңғы жылдары қалыптасқан жаңа мәдени-туристік ортасы туралы айтып өтті.
    Сапар барысында Измир мэрі бастаған делегация музей-қорықтың «Сирек жәдігерлер залына» да кіріп, XIV–XV ғасырларға тиесілі құнды жәдігерлермен танысты. Қонақтарға Қожа Ахмет Ясауидің өмірі мен рухани мұрасы, кесененің тарихы және Түркістанның түркі әлеміндегі тарихи орны жөнінде кеңінен мәлімет берілді.
    Түркістанға арнайы келген делегация үшін бұл сапар қаланың терең тарихын ғана емес, оның бүгінгі даму бағытын да тануға мүмкіндік берді.
    Измир мен Түркістан – тарихы терең, мәдениеті қалыптасқан, туризмді дамытуға әлеуеті жоғары қалалар. Сондықтан мұндай кездесулер екі шаһар арасындағы байланыстарды жаңа бағыттармен толықтырып, мәдениет, туризм, инвестиция және бауырластық қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді.

    Ұқсас материалдар

    "" жаңалықтары