
Солтүстік Қазақстан облысы еліміздің агроөнеркәсіптік кешенінің көшбасшысы ретіндегі мәртебесін нығайта түсуде. Өңірде Қазақстан мен Орталық Азиядағы ең ірі, бір мезетте 100 сиырды саууға арналған «Карусель» сауу қондырғысымен жабдықталған тағы бір заманауи сүт-тауар фермасы пайдалануға берілді.
Жоғары технологиялық сүт кешендерін дамыту Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып келеді. Солтүстік Қазақстан облысының заманауи сүт-тауар фермаларын салудағы оң тәжірибесі бүгінде еліміздің барлық өңірлерінде кеңінен қолданылып, агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдаудың ең табысты үлгілерінің біріне айналды.
Жаңа жобалар Қазақстан Республикасы Президенті белгілеген стратегиялық міндеттерге толық сәйкес келеді. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу үлесін 70 пайызға дейін жеткізу, азық-түлік қауіпсіздігін нығайту, қайта өңдеу өнеркәсібі үшін заманауи шикізат базасын қалыптастыру және ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын ашу көзделген.
Саланы дамытудың кезекті кезеңі Мағжан Жұмабаев ауданында жүзеге асырылып, мұнда «СК Агро 2050» сүт-тауар фермасы іске қосылды. Жоба толық қуатына шыққаннан кейін кәсіпорын тәулігіне 150 тоннаға дейін сүт өндіріп, Қазақстандағы ғана емес, Орталық Азиядағы ең ірі сүт кешендерінің біріне айналады.
Жобаның жалпы инвестиция көлемі шамамен 30 млрд теңгені құрайды. Оны іске асыру нәтижесінде 120-дан астам тұрақты жұмыс орны ашылады.
Жобаның басты ерекшелігі – Германияның GEA WESTFALIA бренді шығарған, бір мезетте 100 сиырды саууға арналған Орталық Азиядағы ең ірі «Карусель» сауу қондырғысы. Бұл жүйе жоғары өнімділікті, малдың жайлылығын және өндірістік процестердің толық цифрландырылуын қамтамасыз етеді.
Фермада енгізілген барлық технологиялық шешімдер әлемдік сүт шаруашылығы стандарттарына толық сәйкес келеді. Мұнда табынды автоматтандырылған басқару жүйесі, азықтандырудың цифрлық бақылауы, толық компьютерлендірілген құрама жем зауыты және малдың денсаулығын бақылайтын интеллектуалды жүйелер жұмыс істейді. Малдарды сауу залына жеткізуден бастап, ыстық кезеңде қора-жайларды салқындатуға дейінгі барлық өндірістік процестер дерлік автоматтандырылған.
«Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысы сүтті мал шаруашылығына заманауи технологияларды енгізу бойынша еліміздің сөзсіз көшбасшысы саналады. Өңірдегі 118 сүт-тауар фермасының 50-ден астамы бүгінде "ақылды" кәсіпорын форматында жұмыс істейді. Геннадий Зенченконың жаңа фермасында шамамен 9 мың бас мал бар, оның ішінде 3,6 мың басы – сауын сиырлар. Мұнда Германияның GEA WESTFALIA компаниясының 90 басқа арналған сауу каруселі жұмыс істейді. Ал жаңа "СК Агро 2050" кешені бұдан да ауқымды болады: мұнда жалпы мал басы 12 мыңға жетеді, ал 100 басқа арналған сауу қондырғысы Қазақстанда ғана емес, бүкіл Орталық Азиядағы ең ірісі болып табылады», – деді Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.
Жобаның алғашқы кезеңінде 800 басқа арналған сиыр қорасы, заманауи сүт блогы, 550 басқа арналған құрғақ кезеңдегі және төлдеу алдындағы малдарды күтіп-бағу ғимараты, екі бұзау қорасы және жоғары технологиялық құрама жем зауыты салынды.
«Жыл басынан бері Германиядан әуе көлігі арқылы жоғары өнімді асыл тұқымды 585 бас ірі қара жеткізілді. Биылғы жылдың соңына дейін Еуропа елдерінен тағы 660 бас мал әкелу жоспарланып отыр», – деді «СК Агро 2050» сүт-тауар фермасының бас технологы әрі басқарушысы Владимир Сергеев.
Оның айтуынша, заманауи цифрлық технологиялар сауу процесін, малдың жағдайын және өндірілетін өнімнің сапасын толық бақылауға мүмкіндік береді.
«Малдар өздерін еркін сезініп, сауу алаңына өздігінен кіреді. Күйзеліс факторларының болмауы өнімділіктің жоғары деңгейіне қол жеткізуге мүмкіндік береді. Барлық процестер барынша автоматтандырылған, ал интеллектуалды мониторинг жүйелері малдың жағдайындағы кез келген өзгерісті дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді», – деді Владимир Сергеев.
Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысы еліміздегі сүтті мал шаруашылығын дамытудың жаңа стандартын қалыптастырып келеді. Өңірде заманауи сүт-тауар фермаларын салу бағдарламасы аясында жалпы құны 144,5 млрд теңгені құрайтын 44 инвестициялық жоба іске асырылуда. Бұл Солтүстік Қазақстан облысын Қазақстандағы жоғары технологиялық сүт өндірісінің танылған орталығына әрі Орталық Азиядағы аграрлық жаңғыртудың жетекші өңірлерінің біріне айналдырып отыр.








