
Әзербайжан Республикасының Баку қаласында 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында күрес түрлерінен өткен әлем чемпионаты өз мәресіне жетті. Әлемнің 60-тан астам елінен келген 700-ге жуық спортшы бақ сынаған дүбірлі додада Қазақстан құрамасы жоғары нәтижелерімен ерекшеленді.
Чемпионаттың алғашқы жарыс күнінде грек-рим күресінен 55 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен шымкенттік спортшы Дияр Аманәлі барлық қарсыласынан басым түсіп, әлем чемпионы атанды. Финалдық белдесуде ол Венгрия өкілі Кеве Ковачты жеңіп, Қазақстан қоржынына алтын медаль сыйлады.
Жарыстың соңғы күнінде еркін күрестен ел намысын қорғаған тағы бір шымкенттік спортшы Мардан Орынбасар жоғары шеберлік танытып, әлем чемпионатының қола жүлдесін иеленді.
Осылайша, әлем чемпионатына қатысқан шымкенттік қос балуан халықаралық аренада жоғары нәтиже көрсетіп, Қазақстанның және Шымкент қаласының абыройын асқақтатты.








