
ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Президент саябағы аумағында салынып жатқан еліміздегі үшінші Президенттік кітапхана мен драма театр құрылысын көріп шықты.
Еске салсақ, Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында Қызылорда қаласында тәулік бойы жұмыс істейтін кітапхана мен жаңа драма театр салуды тапсырған болатын.
Осы тапсырмаға сәйкес сәуір айында екі нысанның іргетасы қаланды.
Кітапхана құрылысына инвестор қаражаты есебінен 20 млрд теңге бөлінген. Жалпы аумағы 13 мың шаршы метр ғимаратта электронды оқу, конференция залдары, архив, баспахана, бағдарламалау және жасанды интеллектіні дамыту медиазертханасы, подкаст студиясы, оқырмандарға қызмет көрсету бөлімдері болады. Мұнда бір миллионнан астам кітап қорын сақтауға мүмкіндік бар. Жаңа нысан өңірдегі кітапхана инфрақұрылымын дамытып, ақпараттық-мәдени ортаны нығайтады.
Ал жаңа драма театрдың жалпы аумағы 4 мың шаршы метрден асады, 520 көрерменге арналған. Онда репетициялық залдар, студия және шығармашылық кеңістіктер, әкімшілік кабинеттер орналасады. Сондай-ақ, заманауи сахналық техника, қуатты дыбыс жүйесі және соңғы үлгідегі жабдықтар түрлі жанрдағы қойылымдарды жоғары деңгейде сахналауға мүмкіндік береді.
Екі нысанның құрылыс барысымен танысқан Премьер-министрдің бірінші орынбасары жауапты сала басшыларына ғимараттардың сапалы әрі заманауи үлгіге сай болуын жіті қадағалауды тапсырды.








