
Әзербайжанның Баку қаласында өткен U17 жасөспірімдер арасындағы күрес түрлерінен әлем чемпионатында Қазақстан ұлттық құрамасы сапында өнер көрсеткен Түркістан облысының балуандары жоғары нәтиже көрсетіп, ел қоржынына алтын және қола медаль салды.
Еркін күрестен 48 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде белдескен Бақдәулет Ағабек әлем чемпионы атанды. Финалда ол Үндістан өкілі Аарьян Аарьянды 10:0 есебімен айқын басымдықпен жеңіп, белдесуді мерзімінен бұрын аяқтады.
Түркістандық балуан чемпионат барысында бес кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жетті. Іріктеу кезеңінде Тәжікстан спортшысы Муслихиддин Ходжиевті 10:0 есебімен техникалық басымдықпен ұтса, 1/8 финалда Болгария өкілі Эмир Джеватовты да дәл осындай есеппен жеңді. Ширек финалда Моңғолия балуаны Тэмүүлэн Усухбаярды небәрі 36 секунд ішінде 10:0 есебімен айқын басымдықпен тізе бүктірді. Ал жартылай финалда 2026 жылғы U17 Азия чемпионы, Өзбекстан өкілі Фаррух Махмудовтан 7:3 есебімен басым түсіп, финалға жолдама алды.
Сондай-ақ, 71 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен тағы бір түркістандық балуан Әділет Рысбай әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды.
Үшінші орын үшін өткен белдесуде ол Түрікменстан өкілі Мекан Худайбереновті 6:4 есебімен жеңіп, жүлдеге қол жеткізді. Жарыс барысында Әділет Әзербайжан спортшысы Тунар Гулиев пен Молдова балуаны Павел Мавродиден басым түсіп, жұбаныш белдесуінде АҚШ өкілі Кэмрин Ховардты 11:2 есебімен айқын жеңген болатын.
Түркістан облысының балуандарының әлем чемпионатындағы бұл жетістігі – өңірдегі еркін күрес мектебінің қарқынды дамуы мен жүйелі дайындықтың нәтижесі.









