ТҮРКІСТАН: КОЛЛЕДЖДЕРДЕ АРНАЙЫ ЦИФРЛЫҚ ЖҮЙЕЛЕРДІ ЕНГІЗУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСУДА

    ТҮРКІСТАН: КОЛЛЕДЖДЕРДЕ АРНАЙЫ ЦИФРЛЫҚ ЖҮЙЕЛЕРДІ ЕНГІЗУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСУДА
    Түркістан облысында колледждердің кәсіптік білім беру сапасын арттыру, инфрақұрылымын жаңғырту және түлектерді мамандығына сәйкес жұмыспен қамту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Бүгін салаға қатысты мәселелер облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен апталық аппарат мәжілісінде жан-жақты талқыланды.
    Жиында облыстық білім басқармасының басшысы Ғалымжан Орынов баяндама жасап, білім саласындағы өзекті мәселелер мен қолға алынған жұмыстар туралы баяндады.
    Өңір көлемінде 50 колледж тұрақты жұмыс істейді. Оның ішінде 28-і мемлекеттік, 22-сі жекеменшік. Колледждерде 84 мамандық бойынша 39 299 студент білім алуда. Оның 32 880-і мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде оқыса, 6 419-ы ақылы негізде білім алуда. Білім беру ұйымдарында ауыл шаруашылығы, құрылыс, қызмет көрсету, туризм, техника және технология, медицина, өнер, гуманитарлық ғылымдар мен білім беру салалары бойынша мамандар даярланады.
    Арнайы мониторинг нәтижесіне сәйкес, колледждерге бірқатар цифрлық платформаларды енгізу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде мемлекеттік тапсырыс негізінде білім беретін 46 колледж жоспарлы мониторингпен қамтылған. Атап айтқанда, студенттердің сабаққа қатысуын автоматты түрде растауға арналған Face ID жүйесі енгізілуде. Бұл жүйе басқармаға қарасты 25 мемлекеттік колледждің 20-сында іске қосылған. Сонымен қатар төлемдердің толық ізін сақтау үшін «Фаворит» бірыңғай бұлтты бухгалтерлік жүйесі және Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті жасанды интеллект негізінде әзірлеген бағаның ауытқуын анықтайтын «Baqylau-kz» платформасын енгізу жұмыстары жалғасуда.
    «Жас маман» жобасы аясында өткен жылы 11 колледжді жаңғыртуға республикалық бюджеттен 1,1 млрд теңге бөлінді. Білім ордаларының материалдық-техникалық базасын жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен орындалуда. 2025 жылы 12 619 студент оқуын аяқтап, оның 81 пайызы жұмыспен қамтылды. Соның ішінде 9 502 түлек жұмысшы мамандықтары бойынша нақты жұмысқа орналасты. Мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алған 10 043 түлектің 7 993-і жұмыспен қамтылды. Биыл 13 223 түлек оқуын тәмамдады. Жыл қорытындысымен жұмыспен қамту көрсеткішін 83 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.
    Жиын барысында өңір басшысы қаржылық тәртіпті күшейту, сатып алу тәуекелдерін азайту және цифрлық деректердің дұрыстығын қамтамасыз ету бойынша салаға жауапты мамандарға нақты міндеттер жүктеді. Көтерліген мәселелер сапалы әрі уақтылы орындалуы тиіс екенін ескертті.
    Айта кетейік, колледждерді басқарудың жаңа моделін қалыптастыру, сенімгерлік басқаруға берілген колледждердің инвестициялық міндеттемелеріне кешенді талдау жүргізу, Face ID және ЖСН арқылы цифрлық сәйкестендіру жүйесін жетілдіру, нақты уақыт режимінде жұмыс істейтін басқарушылық дашборд қалыптастыру, сондай-ақ түлектерді жұмыспен қамту көрсеткішін арттыру және білікті кадрлар даярлау жұмыстарын тұрақты жалғастыру жоспарланып отыр.
    Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

    Ұқсас материалдар

    "Түркістан облысының әкімдігі" жаңалықтары