
Кентау қаласында цифрлық технологиялар, жасанды интеллект және заманауи медиа бағыттарын қамтитын «DIGITAL KENTAU –2026» республикалық ақпараттық-цифрландыру форумы өтті.
Форумның негізгі мақсаты – цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект құралдарын тиімді пайдалану, жаңа медиа технологияларын дамыту, мобильді контент өндірісін жетілдіру және цифрлық коммуникациялардың заманауи мүмкіндіктерін кеңінен насихаттау. Сондай-ақ мемлекеттік және қоғамдық ақпаратты жаңа цифрлық форматта тарату дағдыларын қалыптастыруға басымдық берілді.
Іс-шараға Кентау қаласы әкімінің орынбасары Нұрдаулет Медеуов және Түркістан облысының Цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Байдаулет Абай қатысып, қазіргі цифрлық дәуірдегі жасанды интеллект технологияларының маңызына тоқталды.
Сөз барысында бүгінгі таңда цифрландырудың барлық салаға еніп, мемлекеттік басқару, экономика, білім беру, ақпараттық коммуникациялар және қоғамдық өмірдің жаңа сапалық деңгейге көтерілуіне мүмкіндік беріп отырғанын атап өтті. Сонымен қатар Мемлекет басшысының елімізді цифрландыру, жасанды интеллектіні дамыту және жаңа технологияларды тиімді қолдану бағытындағы бастамаларына тоқталып, заманауи технологияларды игеру – уақыт талабы екенін жеткізді.
Форум барысында цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект саласының мамандары тәжірибелерімен бөлісіп, қатысушыларға заманауи құралдарды тиімді пайдаланудың практикалық жолдарын таныстырды.
Атап айтқанда: Тимур Бектур – «ЖИ-мен 10 есе көп жұмыс істеме, 10 есе ауқымды жұмыс істе!» тақырыбында жасанды интеллект арқылы еңбек өнімділігін арттыру және жұмыс үдерістерін оңтайландыру мүмкіндіктері туралы сөз қозғады.
Нұржан Исабеков – «Жаңа медиа дәуірі: Reels, TikTok, дрон және жасанды интеллект арқылы тиімді контент жасау» тақырыбында әлеуметтік желілердегі заманауи контент өндіру тәсілдері мен жаңа медианың мүмкіндіктерін таныстырды.
Алихан Сламбек – «Жасанды интеллект: мүмкіндіктері, қауіптері және этикасы» тақырыбында ЖИ технологияларын қолданудың артықшылықтары мен ықтимал тәуекелдеріне, сондай-ақ цифрлық ортадағы жауапкершілік пен этика мәселелеріне тоқталды.
Ерлан Сердалиев – «Компьютерлік көру: камера қаланы қалай көреді, түсінеді және әрекет етеді» тақырыбында компьютерлік көру технологияларының мүмкіндіктері, бейнебақылау жүйелері және «ақылды қала» тұжырымдамасындағы заманауи шешімдер туралы баяндады.
Форум барысында қатысушылар спикерлермен пікір алмасып, жасанды интеллект, цифрлық коммуникациялар, мобильді контент, жаңа медиа бойынша өзекті мәселелерді талқылады.
«DIGITAL KENTAU–2026» форумы – цифрлық дәуірдің жаңа мүмкіндіктерін талқылап қана қоймай, заманауи технологияларды тәжірибеде тиімді қолдануға бағытталған маңызды алаңға айналды.
Форум аясында алынған жаңа білім мен тәжірибе мемлекеттік және қоғамдық коммуникацияларды жетілдіруге, цифрлық сауаттылықты арттыруға және Кентау қаласында инновациялық технологияларды кеңінен қолдануға жаңа мүмкіндіктер береді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі









