ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 3 МЫҢНАН АСТАМ НЫСАН ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫНДАЛУДА

    ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 3 МЫҢНАН АСТАМ НЫСАН ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫНДАЛУДА
    Түркістан облысында 2026-2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде. Алдағы жылыту маусымына өңірдегі 1 310 білім беру, 737 денсаулық сақтау, 239 мәдениет, 74 спорт, 9 жұмыспен қамту нысаны және 737 көпқабатты тұрғын үй дайындалуда. Бұл туралы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен апталық аппарат мәжілісінде айтылды.
    Нұралхан Көшеров жауапты тұлғаларға жылыту маусымына дайындық жұмыстарын белгіленген мерзімде және сапалы аяқтауды тапсырды.
    – Жылу желілерін жөндеу жұмыстарын 1 қазанға дейін аяқтауды, көпқабатты тұрғын үйлерді жылыту маусымына дайындауды 20 қыркүйекке дейін толық қамтамасыз етуді тапсырамын. Жергілікті штабтар автономды қазандықтардың дайындығы мен тұрғындарға қажетті көмірдің жеткізілуін тұрақты бақылауға алсын. Білім беру нысандарының жылыту маусымына дайындығын 1 қыркүйекке дейін қамтамасыз етіңіздер. Газ жеткізілген елді мекендердегі әлеуметтік нысандардың қазандықтарын табиғи газға кезең-кезеңімен көшіру жұмыстарын жандандырып, жылумен жабдықтау қондырғылары мен жылу желілерін цифрландыру жұмыстарын үйлестіріңіздер. Сондай-ақ тұрғындарға жеткізілетін отынның сапасына ерекше назар аударуды тапсырамын, – деді облыс басшысы.
    Жиында жылыту маусымына дайындық жұмыстарының барысы туралы Тоқтар Усубалиевтің баяндамасы тыңдалды. Оның айтуынша, өткен 2025-2026 жылдардағы жылыту маусымы штаттық режимде өтіп, апатты жағдайлар орын алған жоқ. Бүгінде жылу энергетикалық кешендеріне 92,1 мың тонна көмір, 20 мың литр дизель, 7,9 мың тонна мазут, 27 627 мың текше метр газ пайдалануға келісімшарттар жасалып, мерзімінде төлем жасауды қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде.
    Өңірде жылыту маусымына дайындық жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Қазіргі таңда Кентау қаласында бір магистралды және үш кезеңнен тұратын ішкі орамдық жылу желілерін қайта жаңғырту, сондай-ақ №5 жылу электр орталығында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Түркістан қаласында 1,2 шақырым ішкі орамдық жылу желілерін қайта жаңғыртуға қаржы бөлініп, бүгінгі таңда оның 0,650 шақырымы монтаждалды. Созақ ауданындағы Таукент елді мекенінде екі қазандықты монтаждау жұмыстары аяқталу сатысында. Ал Қыземшек елді мекенінде 3,4 шақырым жылу желілеріне ағымдағы жөндеу жүргізу жоспарланып, оның 2 шақырымы аяқталған.
    Түркістан облысында табиғи газға қосу жұмыстарының қарқынды жүргізілуі нәтижесінде көмірге деген сұраныс 70,8 мың тоннаға азайып, қазіргі қажеттілік көлемі 535,6 мың тоннаны құрап отыр. Биыл өңірде қосымша 34 елді мекен табиғи газбен қамтылып, нәтижесінде қатты отынға деген қажеттілік шамамен 40 мың тоннаға төмендейді деп күтілуде.
    Түркістан облысында жылу беру маусымына дайындық жұмыстары облыс әкімінің тұрақты бақылауында тұр.
    Айта кетейік, жалпы облыс аумағында жылумен қамтамасыз етуге бағытталған 1 жылу энергетика кешені, 34 орталықтандырылған және 2 210 автономды бюджеттік мекемелердің қазандықтары бар.
    Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

    Ұқсас материалдар

    "Түркістан облысының әкімдігі" жаңалықтары