
2026 жылғы 31 шілде, Гуанчжоу қ. – Қазақстан Республикасының Гуанчжоу қаласындағы бас консулы Уәлихан Сәрсембеков Чжуншань қаласы Халық үкіметінің Сыртқы істер кеңсесінің басшысы Ли Юйпэн бастаған делегациямен кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Қытай арасындағы өңіраралық ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен оны одан әрі дамыту перспективаларын, сондай-ақ сауда-экономикалық, инвестициялық, өнеркәсіптік, білім беру, туризм және мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара іс-қимылды кеңейту мәселелерін талқылады.
У.Сәрсембеков қытай тарапын Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерімен, бизнес жүргізудің қолайлы жағдайы және іске асырылып жатқан инфрақұрылымдық жобалармен таныстырып, Чжуншань кәсіпорындарын Қазақстандағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қатысуға шақырды. Машина жасау, тұрмыстық техника, электр техникалық жабдықтар, жаңа материалдар, медициналық техника, логистика және жасанды интеллект салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға ерекше назар аударылды.
Өз кезегінде Ли Юйпэн Қазақстанмен ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екенін білдіріп, екіжақты өзара іс-қимылдың әлеуеті жоғары екенін атап өтті және екі елдің іскер топтары, білім беру ұйымдары мен өңірлері арасындағы тікелей байланыстарды дамытуға жәрдем көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар тұрақты байланыста болуға және өзара тиімді ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын бірлесіп пысықтауға ниетті екендерін растады.
Анықтама: Чжуншань қаласы (Гуандун өлкесі) Чжуцзян өзенінің орталық бөлігінде, Гуанчжоу, Шэньчжэнь, Чжухай және Цзянмэнь қалаларының арасында орналасқан. Қаланың тұрақты халқы шамамен 4,5 млн адамды құрайды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша өңірлік жалпы өнім көлемі шамамен 59 млрд АҚШ долларына жетіп, жан басына шаққандағы өңірлік жалпы өнім шамамен 13,2 мың АҚШ долларын құрады. Қала экономикасы тұрмыстық техника, жарықтандыру жабдықтары, жиһаз, электр техникалық өнімдер, жоғары технологиялық жабдықтар, биомедицина, жаңа материалдар және заманауи логистика өндірісіне бағытталған.








