Жеке көмекшінің қызметтерін ұсынудың жаңа тәсілдері бойынша анықтама

    ·

    Жеке көмекшінің қызметтерін ұсынудың жаңа тәсілдері бойынша анықтама

    Заңнаманы бірыңғай қолдануды қамтамасыз ету, сондай-ақ жеке көмекшінің қызметтерін көрсетуге байланысты қатынастарды ресімдеу кезінде құқықтық айқынсыздықты болдырмау мақсатында Министрлік Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 30 маусымдағы

    № 288 «Жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға мүгедектігі бар адамды абилитациялау мен оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес жеке көмекшінің қызметтерін көрсету қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы бұйрықты әзірлеп, қабылдады (Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2026 жылғы 30 маусымдағы

    № 280 бұйрығы, 2026 жылғы 2 шілдеде Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 39193 болып тіркелген, бұдан әрі – Бұйрық).

    Аталған Бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

    Қазіргі уақытта қолданыстағы заңнамада мынадай нормалар көзделген.

    Бірінші.Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 1-бабы 1-тармағының 55) тармақшасына сәйкес, жеке көмекші – жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектігі бар адамды алып жүру және объектілерге барған кезде көмек көрсету жөніндегі қызметтерді көрсететін адам.

    Жеке көмекші өз қызметін Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес жасалған шарт негізінде жүзеге асырады.

    Екінші.Жеке көмекшінің қызметтеріне ақы төлеуді жергілікті атқарушы органдар кепілдік берілген сома шегінде жүзеге асырады (Әлеуметтік кодекстің 163-бабының 4-тармағы).

    Жекекөмекшінің қызметтеріне ақы төлеуді қалалық басқармалар мен жұмыспен қамту бөлімдері қызмет нақты көрсетілген уақыт үшін, бірақ күніне сегіз сағаттан аспайтын көлемде жүзеге асырады.

    Жеке көмекші қызметтеріне сағаттық ақы төлеу айлық есептік көрсеткіштің 13,64 пайызы мөлшерінде есептеледі.

    Үшінші.Қазақстан Республикасының Еңбек код ексіне сәйкес еңбекке ақы төлеу – жұмыс берушінің еңбек, ұжымдық шарттарға және жұмыс берушінің актілеріне сәйкес жұмыскерге еңбегі үшін сыйақыны міндетті түрде төлеуін қамтамасыз етуге байланысты қатынастар жүйесі.

    Бұл ретте еңбек шарты деп жұмыскер мен жұмыс беруші арасындағы жазбаша келісім түсініледі, оған сәйкес жұмыскер белгілі бір жұмысты (еңбек функциясын) жеке өзі орындауға және еңбек тәртібін сақтауға міндеттенеді.

    Еңбек кодексінің 27-бабына сәйкес еңбек шартының өзге шарт түрлерінен айырмашылығы онда мынадай белгілердің кемінде біреуінің болуы болып табылады:

    1) жұмыскердің белгілі бір біліктілік, мамандық, кәсіп немесе лауазым бойынша еңбек функциясын орындауы;

    2) міндеттерді еңбек тәртібіне бағына отырып жеке өзі орындауы; ;

    3) жұмыскердің еңбегі үшін жалақы алуы.

    Жоғарыда көрсетілген белгілерді дұрыс түсіну еңбек шартын өзге азаматтық-құқықтық шарттардан ажыратуда маңызды мәнге ие.

    Экологиялық үстемеақыларға қатысты сот дауын қарау нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты жеке көмекшінің қызметтерін көрсету қағидаларының жекелеген ережелерін нақтылау қажеттілігіне алып келген шешім қабылдады.

    Осыған байланысты Қағидаларда

    • еңбек қатынастарының белгілерін қамтитын ережелер алынып тасталды;
    • жеке көмекшінің қызметтерін ақылы көрсетуге арналған үлгілік шарт бекітілді (№ 280 бұйрыққа 3-1-қосымша);
    • алып жүру бойынша бір қызметке ең көп дегенде 4 сағат көрсетілуін ескере отырып, айлық есептік көрсеткіштің 54,56 пайызы мөлшерінде ақы төлеу белгіленді, бұл ретте айына алып жүру бойынша қызметтердің жалпы саны 60 (алпыс) қызметтен аспауға тиіс. Сонымен бірге жергілікті атқарушы органдар:

    1) мүгедектігі бар адамдардың объектілерге бару жиілігін ескере отырып өңірлік ерекшеліктерге;

    2) жергілікті бюджеттің мүмкіндіктеріне қарай мәдени-көпшілік, ойын-сауық және өзге де іс-шараларға бару үшін көрсетілетін қызметтер санын ұлғайта алады.

    Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес нормативтік құқықтық актілердің кері күші болмайды және олар қолданысқа енгізілгеннен кейін туындаған қатынастарға қолданылады.

    Осыған байланысты жеке көмекшінің қызметтерін ақылы көрсету шартын жасасу тәртібіне қатысты жаңа талаптар тиісті өзгерістер қолданысқа енгізілген күннен кейін келіп түскен өтініштерге ғана қолданылады.

    Сонымен қатар жаңа талаптарды бірыңғай қолдануды қамтамасыз ету мақсатында жеке көмекшінің қызметтерін көрсету қағидаларында ақылы қызмет көрсету шартын жасасу тәртібі көзделгеніне назар аударамыз.

    Атап айтқанда, белгіленген тәртіпке сәйкес қызмет көрсетуші тапсырыстың қабылданғаны туралы хабарламамен бір мезгілде жеке көмекшінің қызметтерін ақылы көрсету шартын қол қою үшін өтініш берушіге, сондай-ақ тиісті қалалық басқармаға немесе жұмыспен қамту бөліміне жібереді.

    Осылайша, жаңа тапсырыстарды іске асыру кезінде жеке көмекшінің қызметтерін ақылы көрсету шарттары тек жаңадан тартылатын жеке көмекшілермен ғана емес, сондай-ақ жаңа тапсырыстарды ресімдеген жағдайда қызметін жүзеге асырып жүрген жеке көмекшілермен де жасалуға тиіс, өйткені шартты қол қоюға жолдау белгіленген рәсімнің міндетті элементі болып табылады.

    Аталған өзгерістерді енгізу жергілікті атқарушы органдардың Қағидаларды бірыңғай қолдануын қамтамасыз етуге, жекелеген ережелерді әртүрлі түсіндіруді болдырмауға және алдағы уақытта осыған ұқсас сот дауларының туындауының алдын алуға мүмкіндік береді.

    Ұқсас материалдар