
Қарағанды облыстық мәслихатының депутаттары кезектен тыс сессияда 2026 жылға арналған облыстық бюджетті нақтылау туралы шешім қабылдады. Өзгерістер салықтық емес түсімдерді түзету мен өңірдің өзекті қажеттіліктерін ескере отырып бюджет қаражатын қайта бөлуді көздейді.
Қарағанды облыстық мәслихатының төрағасы Нұркен Кобжанов кезектен тыс сессияның ашылуында:
«Бюджет шиеленісіне қарамастан, әлеуметтік саланы, инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру және облыс тұрғындары алдындағы міндеттемелерді орындау басым бағыттар ретінде қала бермек» – деп атап өтті.
Қосымша қаражат Ішкі істер органдары қызметкерлерінің жалақысын арттырудың екінші кезеңіне, Саяқ кентіндегі су құбырын жөндеуге, Қарқаралы ауданы Татан ауылындағы су құбыры желілерін реконструкциялауға, сондай-ақ орфандық аурулары бар пациенттерді қажетті дәрілік заттармен қамтамасыз етуге бағытталатын болады.
Білім саласында Қарағандыдағы №11 жаңа арнаулы мектепті күтіп-ұстауды, сондай-ақ Қарағанды, Теміртау және Бұқар жырау ауданының бірқатар білім беру ұйымдарын ағымдағы жөндеуді қаржыландыру көзделген.
Денсаулық сақтау саласында қаражат медициналық кадрларды даярлауға, Қарағанды қаласының №1 және №2 көпбейінді ауруханаларын, облыстық балалар клиникалық ауруханасын заманауи жабдықтармен жарақтандыруға, вакциналарды сақтау жүйесін дамытуға және жедел медициналық көмек қызметі үшін смарт-бейнежетондарды сатып алуға бағытталған.
Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау саласында қоғамдық жұмыстарды қаржыландыру ұлғайтылды және экономикалық ұтқырлық сертификаттары бойынша төлемдерді қоса алғанда, ерікті қоныс аударуға қатысушыларды қолдау шаралары кеңейтілді.
Қосымша қаржыландыру Қарағанды облысының мемлекеттік архивінің, Қарағанды қаласының мемлекеттік архивінің, Шет ауданы Өспен ауылының мәдениет үйінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға, сондай-ақ Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорларын толықтыру үшін артефактілерге ғылыми зерттеулер жүргізуге көзделген.
Кезектен тыс сессия жұмысын қорытындылай келе:
«Бүгін кезектен тыс сессияда Қарағанды облысын одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамытуға бағытталған маңызды шешімдер қабылданды. Оларды іске асыру халықтың өмір сүру сапасын арттыруға және облыстың әлеуетін нығайтуға ықпал ететін болады» – деп нақтылады Қарағанды облыстық мәслихатының төрағасы Нұркен Кобжанов.
Отырыс барысында депутаттар Қарағанды облысы бойынша тексеру комиссиясы туралы ережеге өзгерістер енгізіп, депутат Б.К. Алтынбековтің депутаттық өкілеттіктерінің мерзімінен бұрын тоқтатылуына байланысты облыстық мәслихат құрамының өзгеруі туралы облыстық аумақтық сайлау комиссиясының ақпаратын назарға алды.
Кезектен тыс сессияда қабылданған шешімдер депутаттық корпустың бақылауында болады.







