
Қала әкімі жылу желілерін жаңғырту және қаланы абаттандыру жұмыстарының барысын аралады
Бүгін Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл қаладағы инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту және абаттандыру бағытында жүзеге асып жатқан бірқатар маңызды нысандарды аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың қарқынымен танысты.
Алдымен қала басшысы Астана даңғылындағы жылу желілерін қолданыстағы жүйеге қосу жұмыстарын көріп, мердігер ұйымдарға құрылыс-монтаждау жұмыстарын сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтау жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Одан кейін «Жастар» саябағында толық аяқталған автоматты суару жүйесінің жұмысымен танысып, саябақтағы жасыл желектерді қалпына келтіру және күтіп-ұстау жұмыстарының сапасын бағалады.
Сондай-ақ қала әкімі Біржан сал көшесінде «Ұлттық жоба» аясында жүргізіліп жатқан магистральдық жылу желілерін жаңғырту жұмыстарының барысын көріп, жобаның орындалу қарқынын жауапты бөлімге тұрақты бақылауға алуды тапсырды.
Қазіргі таңда қалада инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жоспарға сәйкес жалғасуда. Қала басшысы жауапты мекемелерге барлық жобаларды сапалы әрі уақытылы аяқтауды тапсырды.









