
Қазақстанда Бірыңғай зияткерлік денсаулық сақтау платформасы іске қосылды. Ол еліміздің барлық медициналық ұйымдары туралы мәліметтерді біріктіреді. Енді олар автоматты түрде бірыңғай сандық жүйеге түседі. Лицензиялар, кадрлық құрам, медициналық жабдықтардың болуы, инфрақұрылым және басқа да ресурстар туралы мәліметтер жинақталады. Әрбір медициналық мекеме үшін сандық паспорт жасалады. Солардың арқасында ауруханалардың жарақтандырылу деңгейін, мамандармен қамтамасыз етілуін және лицензиялық талаптарға сәйкестігін нақты уақыт режимінде бағалауға болады. Денсаулық сақтау министрлігі атап өткендей, цифрлық платформа мемлекеттік ақпараттық жүйелер арасында мәліметтер алмасуды жеңілдетіп қана қоймай, медициналық инфрақұрылымды дамытуды тиімді жоспарлауға, кадрлар тапшылығы мен қажетті жабдықтарды ерте анықтауға көмектеседі. Сондай-ақ, сандық шешімдер көмегімен орын алуы ықтимал кемшіліктерді алдын ала анықтап, медициналық қызмет сапасын арттыру көзделген.
- Біз медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті ретінде азаматтан қандай да бір шағым немесе өтініш келіп түсетінін күтпестен, осы индикаторларды алдын ала анықтап, яғни автоматты түрде бақылау жүргізіп, осы медициналық ұйымда қандай тәуекелдер бар екенін білуге болады. Яғни, біз жарақтандыру деңгейін, медициналық көмектің сапасын, көмек көрсету көлемінің жеткіліктілігін, осы медициналық көмекті көрсете алатын кадрлардың қажетті санын және жалпы осы медициналық ұйымның қызмет көрсету аумағын зерделей аламыз - дейді ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы Бауыржан Жүсіпов.









