
А.Ж.Әлімжановтың төрағалығымен бюджет және жергілікті басқару мен өзін-өзі басқаруды дамыту жөніндегі тұрақты комиссияның кеңейтілген отырысы өтті.
Комиссия жұмысына облыстық мәслихат депутаттары, қалалар мен аудандар мәслихаттарының төрағалары, әкімдердің сала бойынша жетекшілік ететін орынбасарлары, сондай-ақ облыстық басқармалар мен департаменттердің өкілдері қатысты.
Отырыстың негізгі мәселесі Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Д.К. Ашкенов ұсынған Қарағанды облыстық мәслихатының 2025 жылғы 9 желтоқсандағы № 343 «2026-2028 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер жобасын қарау болды. Саяқ кенті мен Татан ауылында су құбыры желілерін жөндеу, Осакаров ауданының Молодежный кентіне қазандық сатып алу, «Үміт» оңалту кешені базасында емдеу-сауықтыру кешенін салу, «Мұрагер» мамандандырылған мектеп-интернатының жатақханасын салу, сондай-ақ Пришахтинскіде «Жайлы мектеп» жобасын іске асыруға ерекше назар аударылды.
Талқылау барысында депутаттар медициналық ұйымдарды заманауи жабдықтармен жарақтандыру, атап айтқанда профессор Х.Ж. Мақажанов атындағы көпсалалы ауруханаға арналған магниттік-резонанстық томография аппаратын сатып алу, сондай-ақ Шахтинск қаласының ауруханасы мен емханасын материалдық-техникалық жарақтандыру мәселелерін көтерді.
Тұрақты комиссия бейінді мемлекеттік органдарға бірқатар ұсыныстар берді. Дене шынықтыру және спорт басқармасына Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасымен бірлесіп «Олимпиадалық резервті дайындау орталығы» КМҚК күрделі жөндеу мәселесін пысықтау, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына Саран қаласына барар жолда саяжай алаптары аумағында аялдама пунктін орнату мүмкіндігін қарастыру ұсынылды. Бұдан бөлек, Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасына Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасымен бірлесіп «Үміт» оңалту кешені базасында емдеу-сауықтыру кешенін салу жобасын іске асыру мәселесін пысықтау жөнінде ұсыныс берілді.
Сонымен қатар депутаттар «Қарағанды облысы бойынша тексеру комиссиясы» мемлекеттік мекемесінің Ережесіне өзгерістер енгізу туралы мәселені қарады.
Отырыстың қорытындысы бойынша күн тәртібіндегі мәселелерді тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысының қарауына енгізу туралы қаулы қабылданды.







