Ұлы Отан соғысының ардагері Сергей Выжутович өзінің 100 жылдық мерейтойын атап өтті

    Ұлы Отан соғысының ардагері Сергей Выжутович өзінің 100 жылдық мерейтойын атап өтті

    Облыс әкімі Асайын Байханов ардагерді мерейлі жасымен құттықтап, оның ерлігі, қайсарлығы және Отанға адал қызметі үшін алғысын білдірді.

    - Сергей Николаевич - тағдыры тағылымды және рухы биік жан. Ол - бізге бейбіт өмір сыйлаған жеңімпаз ұрпақтың өкілі. Ерлігіңіз бен өнегелі өмір жолыңыз үшін Сізге зор алғыс айтамын. Қайсарлығыңыз және өмірге деген құштарлығыңыз баршамызға үлгі әрі зор құрметке лайық. Сізге зор денсаулық, амандық және ұзақ ғұмыр тілеймін, - деді Асайын Байханов.

    Сергей Николаевич 1926 жылғы 20 шілдеде Новосібір облысының Чанов ауданындағы Зем-Заимка ауылында дүниеге келген. 1944 жылдың қараша айында 18 жасында майданға шақырылып, 2-ші Беларусь майданының 44-гвардиялық атқыштар дивизиясы құрамында соғысқа қатысты. Қатардағы жауынгер ретінде басып алынған аумақтарды азат етуге қатысып, Польшаға дейін жетті. Ұлы Жеңіс күнін Германияның Росток қаласында қарсы алды. Соғыс аяқталғаннан кейін Украинада, кейін Рига қаласындағы авиациялық полкте механик-радист болып әскери қызметін жалғастырды.

    1951 жылы әскер қатарынан босатылғаннан кейін қайтадан мерзімнен тыс әскери қызметке шақырылып, 1956 жылға дейін Павлодар қаласындағы авиациялық әскери бөлімде радио жабдықтары жөніндегі механик болып қызмет атқарды. Әскери қызметін аяқтаған соң 28 жылдан астам уақыт «Павлодарпромстрой» құрылыс басқармасында еңбек етті.

    Ерлігі мен адал әскери қызметі үшін Сергей Николаевич II дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен, сондай-ақ 13 мерейтойлық және көптеген еңбек наградаларымен марапатталған.

    Бүгінде Сергей Николаевич Павлодар қаласында қызы Людмиламен бірге тұрады. Оған немересі мен шөбересі қамқорлық танытып, оның ерлікке толы өмір жолын қастерлеп, ұрпақ жадында сақтап келеді.

    Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
    Суреттерді түсірген Валерий Бугаев

    Ұқсас материалдар

    "Павлодар облысының әкімдігі" жаңалықтары