
Алматы қаласында өмірлік қиын жағдайға тап болған балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау саласындағы мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын жетілдіру мәселелеріне арналған кеңейтілген ведомствоаралық отырыс өтті. Жиын барысында ведомствоаралық байланысты күшейту және нақты кейстерді шешу тетіктері жан-жақты талқыланды.
Іс-шараға Алматы қаласы Мәслихат депутаттары, Қоғамдық кеңес мүшелері, Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік органдарының, жергілікті атқарушы органдардың, прокуратура мен құқық қорғау құрылымдарының өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар, сарапшылар қоғамдастығы және БАҚ өкілдері қатысты.
Отырыс жұмысына ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанова арнайы қатысып, жергілікті жерде туындайтын мәселелердің республикалық деңгейде ескерілуінің маңыздылығын атап өтті.
Жиын барысында жалпы баяндамалар жасаудың орнына, бала өмірлік қиын жағдайға тап болған кездегі нақты кейстер талқыланды. Қатысушылар түрлі ведомстволардың ұстанымдарын тыңдап, құқықтық және ұйымдастырушылық кедергілерді жою жолдарын бірлесіп іздеді. Мәселені шешу жолында барлық жауапты тұлғалар бір үстелге жиналып, нақты не істеу керектігін пысықтады.
Қорытындылай келе, көтерілген мәселелер бойынша тиісті мемлекеттік органдарға ұсыныстар мен практикалық ұсынымдар әзірленетіні айтылды.









