
23 шілде күні Astana Tourism туризмді дамыту орталығының ұйымдастыруымен «Астана – менің Отанымның елордасы» атты әлеуметтік тур басталды.
Жаздың соңына дейін жобаға Қазақстанның барлық өңірінен 500 бала келіп қатысады. Олардың қатарында аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балалары, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар бар. Жоба аясындағы алғашқы қонақтар Атырау облысынан келген 40 оқушы болды.
Үш күн бойы балаларды мазмұнды экскурсиялық және ойын-сауық бағдарламасын көреді. Кәсіби гидтердің сүйемелдеуімен олар Астананың басты көрікті жерлерімен танысып, «Бәйтерек» монументі, ҚР Ұлттық музейі, Қазақстан темір жолы музейі, «Леонардо да Винчи» көрмесі өтіп жатқан Бейбітшілік және келісім сарайы сынды өзге де маңызды нысандарды аралайды.
Сонымен қатар, балалар океанариумға барып, Есіл өзені бойымен теплоходта серуендейді, Kangoo батут паркін және елорданың басқа да танымал орындарын тамашалайды.
Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен өтіп жатқан жоба ішкі балалар туризмін дамытуға, өскелең ұрпақты еліміздің тарихымен, мәдениетімен және жетістіктерімен таныстыруға, сондай-ақ туған елге деген сүйіспеншілік пен мақтаныш сезімін қалыптастыруға бағытталған.









