Жазаны болашаққа пайдамен өткізу

    ·
    Жазаны болашаққа пайдамен өткізу

    Көпшілік сотталған азаматтардың жазаны өтеу мерзімі тек мекемеде уақыт өткізумен шектеледі деп ойлайды. Алайда бүгінгі таңда қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жазаны өтеу кезеңі азаматтардың еңбекке баулынуына, жаңа мамандық меңгеруіне және қоғамға қайта бейімделуіне бағытталған маңызды кезеңге айналып отыр.

    Астана қаласы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты мекемелерде сотталғандарды жұмыспен қамтуға ерекше көңіл бөлінеді. Еңбекке тарту олардың уақытын тиімді өткізуіне ғана емес, жауапкершілік, тәртіп және еңбекке деген құрмет сияқты маңызды қасиеттерді қалыптастыруға ықпал етеді.

    Соның жарқын мысалдарының бірі – №2 мекемедегі өндірістік цехтар. Мұнда сотталған азаматтар жиһаз өндірісімен айналысып, жұмсақ жиһаздар, дивандар, креслолар, шкафтар, үстелдер, ағаш орындықтар және басқа да тұрмыстық бұйымдарды дайындайды. Өндірілген өнімдер белгіленген талаптарға сай дайындалып, түрлі ұйымдар мен жеке тапсырыс берушілердің сұранысына ие.

    Сонымен қатар мекеме аумағында темір-бетон бұйымдарын шығаратын өндіріс жұмыс істейді. Бұл жерде сотталғандар құрылыс саласында кеңінен қолданылатын темір-бетон өнімдерін жасап, еңбек тәжірибесін жинақтап, болашақта сұранысқа ие мамандықтарды игеруге мүмкіндік алады.

    Өндірістегі еңбекпен қатар сотталғандар түрлі кәсіптік дағдыларды меңгеріп, өздерінің кәсіби біліктілігін арттыруға жағдай жасалған. Алынған тәжірибе мен білім бостандыққа шыққаннан кейін тұрақты жұмысқа орналасуға және қоғамға сәтті бейімделуге жол ашады.

    Еңбек – түзеу процесінің маңызды құрамдас бөлігі. Күнделікті жұмыс арқылы сотталғандар жауапкершілікті сезінуді, еңбек тәртібін сақтауды, ұжыммен жұмыс істеуді және адал еңбекпен табыс табудың маңызын түсінеді.

    Қылмыстық-атқару жүйесінің басты мақсаты – жазаны орындаумен қатар, азаматтың түзелуіне және заңға бағынатын өмір салтын қалыптастыруына жағдай жасау. Сондықтан өндірістік еңбек, кәсіптік машықтарды меңгеру және жаңа мамандық игеру – сотталғандардың болашақ өміріне жасалған маңызды инвестиция. Жазаны пайдалы өткізу арқылы олар бостандыққа шыққан соң қоғамның толыққанды мүшесі ретінде жаңа өмір бастауға мүмкіндік алады.

    Ұқсас материалдар

    "" жаңалықтары