КЕЛЕСТЕ ХАЛЫҚТЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ БАҒЫТЫНДАҒЫ КӨРСЕТКІШТЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

    ·
    КЕЛЕСТЕ ХАЛЫҚТЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ БАҒЫТЫНДАҒЫ КӨРСЕТКІШТЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ
    Келес ауданы әкімінің орынбасары Дәурен Сариевтің төрағалығымен халықты жұмыспен қамту, әлеуметтік міндеттемелердің орындалуы және облыс әкімінің хаттамалық тапсырмаларының іске асырылу барысы қаралған жұмыс мәжілісі өтті. Жиынға аудандық дербес бөлім басшылары, Мансап орталығының өкілдері мен ауылдық округ әкімдері қатысты.
    Мәжілісте аудандық Мансап орталығының директоры Нурипа Темірбаева баяндама жасап, міндетті зейнетақы жарналарының аударылуы мен электронды еңбек шарттарының тіркелуі бойынша бүгінгі ахуалды таныстырды.
    2026 жылғы 14 шілдедегі мәліметке сәйкес, аудан бойынша 214 жұмыс беруші 1040 азаматқа міндетті зейнетақы жарналарын аудармаған. Сондай-ақ 63 мекеме 205 қызметкермен электронды еңбек шарттарын әлі күнге дейін рәсімдемеген.
    Көрсеткіштерге сәйкес, міндетті зейнетақы жарналарын аудармаған мекемелердің басым бөлігі Абай ауыл әкімдігіне, Ақтөбе, Біртілек және Қошқарата ауылдық округтеріне тиесілі. Сонымен қатар білім беру саласында да бұл бағыттағы жұмыстарды жеделдету қажеттігі атап өтілді.
    — Әрбір көрсеткіштің артында адамның әлеуметтік қорғалуы тұр. Сондықтан міндетті зейнетақы жарналарының уақытылы аударылуы мен электронды еңбек шарттарының толық рәсімделуі заң талаптары ғана емес, азаматтардың әлеуметтік кепілдігін қамтамасыз ететін маңызды міндет. Бұл бағыттағы жұмыстарды созбалаңға салуға болмайды, – деді аудан әкімінің орынбасары.
    Жиын барысында ауылдық округ әкімдері мен бөлім басшыларына нақты тапсырмалар жүктелді. Атап айтқанда, міндетті зейнетақы жарналарын аудармаған жұмыс берушілермен жеке жұмыс жүргізіп, берешекті қысқа мерзімде толық өтеуді қамтамасыз ету, электронды еңбек шарттарын тіркеу жұмыстарын жандандыру және атқарылған жұмыстардың нәтижесін тұрақты бақылауда ұстау міндеттелді.
    Сондай-ақ әрбір ауылдық округ әкімінің бұл бағыттағы көрсеткіштерге жеке жауапты екені ескертіліп, тапсырмалардың орындалуы күнделікті бақылауда болатыны жеткізілді.

    Ұқсас материалдар

    "" жаңалықтары