
Алматы облысында өткен жылдың бюджетінің орындалу қорытындылары шығарылып, өңірді алдағы бес жылда дамыту жоспарлары нақтыланды. Бұл мәселелер облыстық мәслихаттың елуінші сессиясында негізгі тақырыпқа айналды. Сондай-ақ депутаттар құрылыс, денсаулық сақтау, жол, жер қатынастары, көше жарығы, ауылдарды дамыту және қалалардың сәулеттік келбеті мәселелерін қарады.
Отырысты Қуат Байғожаев жүргізді. Сессия жұмысына Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысты. Сонымен қатар құқық қорғау органдарының, департаменттер мен облыстық басқармалардың басшылары қатысты. Аудан және қала әкімдері мен мәслихат төрағалары жиынға онлайн форматта қосылды.
Депутаттар 2025 жылғы облыстық бюджеттің орындалуын қарап, бюджеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы жөніндегі есептерді тыңдады. Сондай-ақ 2026–2030 жылдарға арналған өңірді дамыту жоспарына енгізілетін өзгерістер мен алдағы үш жылдық облыстық бюджетке түзетулерді талқылады.
Облыстық қаржы басқармасының басшысы Бибігүл Ұзақованың айтуынша, өткен жылы бюджетке 954 млрд теңгеден астам қаржы түскен. Бұл жоспарланған көлемнің 99 пайызына тең. Түсімдердің негізгі бөлігін салықтар, айыппұлдар мен алымдар, сондай-ақ трансферттер мен несиелер құраған.
Облыстық тексеру комиссиясының төрағасы Мейрам Мұсаев бірқатар жетекші салаларда өңірдің тұрақты өсім көрсетіп отырғанын атап өтті. Инвестициялар көлемі артқан, құрылыс қарқыны өскен, пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі өткен жылмен салыстырғанда көбейген. Қысқа мерзімді экономикалық индикатор да жақсы нәтиже көрсеткен. Дегенмен кейбір аудандарда шағын және орта бизнес субъектілерінің саны азайып, пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтару жұмыстары баяу жүріп жатқаны, инвестициялық жоспарлардың толық орындалмай отырғаны айтылды. Бұл мәселелер жергілікті жерде жүйелі жұмысты талап етеді.
Құрылыс басқармасының басшысы Жасұлан Оналбаев құрылыс жобаларының орындалу барысы туралы баяндады. Оның айтуынша, өткен жылы облыста 159 нысан жоспарланып, 152 млрд теңге игерілген. 2026 жылға 75 нысанның құрылысы мен жүзеге асырылуы көзделіп отыр. Биылғы жылдың алғашқы төрт айында жоспарланған қаражат толық игерілген.
Күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі денсаулық сақтау саласына арналды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Сүлейменов өңірде жалпы өлім-жітім деңгейі төмендегенін айтты. Бұл көрсеткіш республикадағы орташа деңгейден де төмен. Сонымен қатар қан айналымы жүйесі ауруларынан, онкологиялық дерттерден және туберкулезден болатын өлім азайған. Нәресте өлімі бойынша да оң динамика бар, алайда бұл көрсеткіш әлі де республикалық орташа деңгейден жоғары.
Тағы бір өзекті мәселе – жол-көлік оқиғаларынан болатын өлім-жітім. Баяндамашының айтуынша, бұл көрсеткіш облыста өзге өңірлермен салыстырғанда жоғары. Оның негізгі себептері – жылдам жүретін тасжолдардың көптігі, жылдамдықты асыру және жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу. Осыған байланысты денсаулық сақтау басқармасы полициямен бірлесіп профилактикалық жұмыстарды күшейткен. Сондай-ақ жедел жәрдемнің жету уақытын қысқарту және қажетті медициналық жабдықтарды сатып алу шаралары жалғасуда.
Жер қатынастары басқармасының басшысы Аманжол Абдрахманов пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары туралы айтты. Өткен жылы мемлекетке ондаған мың гектар жер қайтарылса, биыл тағы 25 мың гектарға жуық жер қайтарылған. Қазір жалпы көлемі екі мың гектардан асатын жер телімдері бойынша жалдау шарттарын бұзу туралы талап-арыздар сотта қаралуда. Қайтарылған жерлер инвестициялық жобаларға бағытталмақ. Сонымен қатар бірқатар аудандар мен Қонаев қаласында ірі инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандарды жүзеге асыру үшін қосымша қаржыландыру қажет екені айтылды.
Алматы облысының 2026–2030 жылдарға арналған даму жоспарына енгізілетін өзгерістерді экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Асылан Ораз таныстырды. Түзетулер Мемлекет басшысының қалалардың сыртқы келбетін жақсарту жөніндегі тапсырмасына байланысты енгізілген. Құжатқа ғимараттардың қасбеттерін жаңарту және аумақтарды абаттандыру шаралары енгізілді.
Сонымен қатар жоспарға «Ауыл аманаты» жобасы бойынша жаңа көрсеткіш қосылған. Ол ауыл тұрғындарын микронесиелеу мен лизингпен қамтуға қатысты. Бұдан бөлек, қылмыстық-атқару жүйесіне байланысты екі жаңа индикатор енгізілген. Олар – сотталғандарды жұмыспен қамту және кәсіби оқытудан өткен азаматтар саны. Асылан Ораз биылғы бюджет орындалуының барысы туралы да баяндады. Алматы облысы дотациялық өңірлер арасында түсім көлемі бойынша дәстүрлі түрде бірінші орында екені атап өтілді.
Сессиядағы назар аудартқан тақырыптардың бірі – Алматы облысының жаңа өңірлік символы болды. Оны ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Медғат Қабдылқаиров таныстырды. Оның айтуынша, бұрынғы белгі тым ресми әрі жалпылама болғандықтан, халық жадында сақталмаған және туған өлкені айқын бейнелей алмаған.
Жаңа символ суретшілер мен сарапшылардың қатысуымен әзірленген. Белгінің ортасында Есік қорғанынан табылған Алтын адамның бас киімі бейнеленген. Оның айналасында Іле Алатауы, Іле өзені, қар барысы, бүркіт, тауешкі мен арқар секілді өңірдің табиғи және тарихи нышандары орналасқан. Шаңырақ – бірліктің, ал апорт – өңірдің құнарлылығы мен туристік тартымдылығының белгісі. Түстер гаммасының да өзіндік мәні бар. Көк түс Қазақстанның мемлекеттік туын білдірсе, алтын түсті шеңбер тұтастық пен үйлесімділікті бейнелейді.
Сессия барысында кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссия құрамына қатысты мәселелер мен экономика, бюджет және құқықтық тәртіп жөніндегі тұрақты комиссияның есебі де қаралды. Депутаттар сұрақтар қойып, ұсынылған жобаларды талқылап, нәтижесінде тиісті шешімдерді қолдады.
– Бүгінде Алматы облысы тұрақты даму қарқынын сақтап отыр. Дегенмен кейінге қалдыруға болмайтын мәселелер де бар. Бюджет қаражаты әр аудан мен ауылда жол, мектеп, аурухана салу, абаттандыру жұмыстарын жүргізу және жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы тиімді жұмыс істеуі тиіс. Жобалардың орындалу тәртібіне, пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтаруға, кәсіпкерлікті дамытуға және халықтың өмір сапасын арттыруға ерекше назар аудару қажет. Сессияда қабылданған барлық шешім нақты іспен бекітілуі керек, – деді Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев қорытынды сөзінде.









