
Қонаев қаласының Мәдениет үйінде Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін Жалпыұлттық коалициясының мүшелерінің премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен Жаңа Конституция жобасы мен 15 наурызда өтетін республикалық референдумға арналған кездесуі өтті.
Диалогқа Мажіліс депутаттары Мақсат Толықбай, Жанарбек Әшімжанов және Сергей Пономарев, облыстық мәслихат төрағасы Қуат Байғоджаев, сондай-ақ қоғамдық институттар мен әлеуметтік қолдаудың, білім беру ортасының, жастар ұйымдарының және өңірлік активтің өкілдері қатысты.
Облыс тұрғындарына сөз сөйлеген Аида Балаева, ұсынылып отырған Жаңа Конституция жобасының негізгі идеясы – азаматтардың мүдделерін қорғау және елдің ұзақ мерзімді тұрақты дамуын қамтамасыз ету екенін атап өтті. Құжатта мемлекеттің даму бағыты, қоғамның құндылық бағдарлары және билік пен халық арасындағы қарым-қатынастың жаңа сапасы нақты көрсетілген.
«Ең алдымен, Жаңа Конституцияның Алғы сөзіне тоқталуым келеді. Онда адамның құқықтары мен бостандықтары алғаш рет мемлекеттің ең жоғары басымдығы ретінде бекітілген. Бұл мемлекеттік саясат философиясын түбегейлі өзгертетін қағида. Яғни, заңның негізінде мемлекет адамға қызмет етуі және оның абыройын қорғауы керек деген тәсіл бекітіледі. Сонымен қатар, бірлік пен келісім, ұлтаралық және дінаралық өзара түсіністік қазақстандық мемлекеттіліктің берік негізі ретінде бекітілген. Алматы облысы сияқты көпұлтты және көпдінді өңір үшін бұл нормалар ерекше маңызға ие. Бұл қоғамдық келісім мен өзара құрмет кездейсоқ құбылыс емес, заңмен қорғалатын ортақ құндылық екенін білдіреді», - деді премьер-министрдің орынбасары.









