
Іле ауданының Өтеген батыр ауылындағы Мәдениет үйінде Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің тұрғындармен есептік кездесуі өтті. Іс-шараға сондай-ақ ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов пен Алматы облыстық мәслихатының депутаттары Махаббат Бигельдиев және Нұрлан Түймелиев қатысты.
Өз баяндамасында аймақ басшысы Алматы облысы тұрақты экономикалық өсім көрсетіп, еліміздегі жетекші бес өңірдің қатарына кіретінін атап өтті. Соңғы үш жылда жалпы өңірлік өнім көлемі 3,4 трлн теңгеден 6 трлн теңгеге дейін екі есеге жуық артқан. Облыста тұрғын үй құрылысы рекордтық деңгейде — 900 мың шаршы метрден астам. Инвестициялар көлемі 16%-ға өсіп, өнеркәсіп өндірісінің көлемі шамамен 1,9 трлн теңгеге жеткен.
Кездесу барысында тұрғындар жолдардың жай-күйі, ауызсу, білім беру, денсаулық сақтау, абаттандыру, қоғамдық көлік және экология мәселелерін көтерді. Әрбір сұрақ бойынша Марат Сұлтанғазиев түсініктеме беріп, тиісті мекемелерге нақты тапсырмалар жүктеді.
Білім беру нысандарының жетіспеушілігі, ауызсумен қамту, көше жарығы, қоғамдық қауіпсіздік және санитарлық жағдай мәселелеріне ерекше назар аударылды. Өңір басшысы жаңа әлеуметтік нысандардың, әсіресе мектептердің құрылысы мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы жалғасатынын айтты.
Кездесу қорытындысы бойынша облыс әкімі нақты мерзімдері мен жауапты орындаушылары көрсетілген іс-шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырды. Тұрғындардан түскен барлық өтіністер аудандық және облыстық әкімдіктердің басым бағыттарына енгізілетін болды.









