Тексерудің стандартты файлы. Цифрлық формат салықтық бақылауды қалай жеңілдетеді

    Мемлекеттік қызметтерді цифрландыру және салықтық әкімшілендіруді жетілдіру аясында бақылаудың ашықтығын арттыратын әрі салық төлеушілер мен мемлекеттік кірістер органдары арасындағы өзара іс-қимылды жеңілдететін заманауи құралдар енгізілуде. Солардың бірі – тексерудің стандартты файлы.

    Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 161-бабына сәйкес, салықтық тексеру жүргізу кезінде салық төлеуші (салық агенті) мемлекеттік кірістер органдарының ақпараттық жүйелерінде талдау жүргізу үшін бухгалтерлік есеп деректерін электрондық форматта – тексерудің стандартты файлын ұсынуға құқылы.

    Бұл цифрлық формат бухгалтерлік деректерді жүйелеуге және оларды салықтық есептілік көрсеткіштерімен әрі қолда бар басқа да мәліметтермен салыстыруға мүмкіндік береді. Оның көмегімен салықтық міндеттемелердің негізгі бағыттары бойынша: корпоративтік табыс салығы (КТС), қосылған құн салығы (ҚҚС), кірістер, шығыстар, шегерімдер және тіркелген активтер бойынша қаржы-шаруашылық қызметке кешенді талдау жүргізуге болады. Тексерудің стандартты файлының нысаны мен оны жасау қағидалары Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2025 жылғы 3 қазандағы № 567 бұйрығымен бекітілген.

    Мұндай файлды пайдалану ақпараттың үлкен көлемін өңдеуді жеделдетеді, аналитикалық жұмысқа кететін уақытты қысқартады және салықтық бақылаудың сапасын арттырады. Деректерді жүйелеу ықтимал алшақтықтарды тезірек байқауға және қосымша зерделеуді талап ететін нақты шаруашылық операцияларға назар аударуға көмектеседі. Нәтижесінде тексеру неғұрлым ашық болады, ал салық төлеуші мен мемлекеттік кірістер органдары арасындағы өзара іс-қимыл конструктивті сипат алады.

    Тексерудің стандартты файлын ұсыну – салық төлеушінің міндеті емес, құқығы. Бұл ретте автоматтандырылған талдау барысында анықталған алшақтықтар өздігінен салықтық құқық бұзушылықтың бар екенін растамайды. Әрбір сәйкессіздік бастапқы құжаттарды, салық төлеушінің түсіндірмелерін және операциялардың жасалуының нақты мән-жайларын ескере отырып қосымша зерделеуге жатады. Тексерулер кезінде туындайтын сұрақтар санын азайту үшін салық төлеушілерге толық әрі дұрыс бухгалтерлік және салықтық есеп жүргізу, операцияларды уақтылы көрсету және олардың бастапқы құжаттарға сәйкестігін қадағалау ұсынылады.

    Тексерудің стандартты файлын қолдану – бизнесті бақылаудың қосымша шарасы емес, салықтық әкімшілендірудің тиімділігін арттыруға арналған заманауи цифрлық құрал. Оның негізгі міндеті – салықтық тексеруді дәйекті, ашық әрі дұрыс есеп деректерін талдауға негізделген ету.

    Павлодар облысы бойынша

    Мемлекеттік кірістер департаментінің Аудит басқармасы

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Павлодар облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті" жаңалықтары